136 адамға несие алғызып, 579 миллион теңгені басып қалған емші сот залынан босатылды

Халық емшісі атымен танылған Сұлушаш Қазбаева сот залынан босатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Бірақ жазаны емші екі жылдан кейін өтейтін болды.

Ақтөбе соты ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен ("ірі мөлшердегі алаяқтық") айыпталған емші Қазбаеваны кінәлі деп таныды. Іс бойынша 136 жәбірленушіге несие алдыртып, 579 млн теңгені басып қалған. Бірақ сот оның 12 жасар баласы барын ескеріп, жаза өтеуін 2 жылға шегерді.

Кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі деп белгіленсін. Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігі негізінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындауы 2 жыл мерзімге кейінге қалдырылсын. Сұлушаш Қазбаеваға қатысты бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгенше күзетпен ұстау шарасы ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық қолхатына өзгертіліп, сот залынан босатылсын, – деді судья.

Сот сотталушының тұрғылықты мекенжайы бойынша пробациялық бақылау жүргізуді тапсырды.

Іс материалдарына сүйенсек, Қазбаева пайдакүнемдік ниетімен әрекет ете отырып, бірнеше жыл бойы алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқырғаны сотпен анықталды. Қазбаева бір уақытта бірнеше жәбірленушіге несие рәсімдетіп, алдыртқан. Қазбаеваның жәбірленушілерден алған ақшаны қайтаруға мүмкіншілігі болмаған. Яғни, ол ай сайынғы несие төлемдерін басқа жәбірленушілерге несие рәсімдетіп, сол несие қаражаттарымен төлеп отырған. Сот Қазбаеваның кінәсі толық дәлелін тапты деп санайды.

Жәбірленушілер үкіммен келіспейді. Прокуратура апелляциялық шағым түсіру туралы сұрақты нақтыламады.

Апелляциялық шағым түсіріп, түсірмейтінімізді қазір айта алмаймыз. Себебі үкім заңды күшіне енген жоқ. Үкім прокуратураға түскеннен кейін шешімін, заңдылығын тексереміз. Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес егер сотталушыда кәмелетке толмаған балалары болса онда сот өзінің құқығын пайдаланып, 2 жылға кейінге қалдырады. Сот азаматтық талаптың көбін қанағаттандырды, кейбірінен қанағаттандырудан бас тартты, азаматтық тәртіпте қаралуға жататынын айтты. Шығын 579 млн теңге, – деді прокурор Усман Орынбасарұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы