130 шетел азаматы елімізден мәжбүрлі түрде шығарылды

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда шетелдіктердің болу тәртібін қамтамасыз ету мен көші-қон заңнамасын бұзушылығын алдын-алу мақсатында мемлекетімізде 20 ақпаннан бастап «Мигрант» жедел-профилактикалық шара өткізіліп жатыр. Полиция шетелдіктердің тұратын мекенжайлары, құрылыс объектілері, нарықтар, шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын ұйымдар мен жұмыс берушілерді тексеруде. Операцияның алғашқы аптасының нәтижелері бойынша көші-қон заңнамасын бұзған 6836 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 1814 шетелдіктердің мемлекетте болу тәртібін бұзуы, 1886 шетелдіктердің заңсыз жұмыс жасап жатқан фактілері мен 356 заңсыз жұмыс күшін пайдалану фактілері анықталды, - деп атап өтті ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек. 

Айтуынша, полиция шетелдіктердің келуі туралы хабарламаны уақытылы жолдамаған 2727 жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Мемлекетіміздің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 514 шетелдік Қазақстан Республикасынан тыс шығарылды. Оның ішінде 130 шетелдік мәжбүрлі түрде елден шығарылды. Барлық шетелдіктерге Қазақстан Республикасына келуіне 5 жылға дейін тыйым салынған. Шетелдіктер жасаған жасалған құқық бұзушылықтарды талдау олардың елге заңды түрде кіретінін көрсетеді, алайда кейбір жағдайларда олар көші-қон заңнамасын бұзушылар қатарына ауысады және бұл ретте біздің Қазақстан азаматтарына көп дәрежеде көмектеседі. Бұзушылықтардың едәуір бөлігі шетелдіктерді бұл үшін рұқсат құжаттарын алмай жұмысқа тартумен байланысты. Мысалы, Алматы, Атырау қалаларының құрылыс нысандарында заңсыз еңбек еткен 95 шетелдік анықталды, - деді ол. 

Белгілі болғандай, құрылыс нысандарында шетелдіктердің еңбегі заңсыз пайдаланылған Астана, Шымкент қалаларында, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында да осындай фактілер анықталған.  

Еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырған шетелдіктер мен олардың жұмыс берушілері жауапқа тартылды. Сондай-ақ Атырау облысында бірнеше рет заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан жұмыс беруші анықталды, оған қатысты ҚР ҚК 395-бабында көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар заңды тұлғалар шетелдіктерді елге түсініксіз мақсаттар үшін шақыратын және болашақта олардың уақтылы кетуі бойынша шаралар қабылдамайтын үрдіс байқалады, соның салдарынан олар болу мерзімдері бұзылған елде болады.Мәселен, Батыс Қазақстан облысында Нигерияның 2 азаматы және Түркияның 7 азаматы анықталды. Олар елде болу мерзімдерін бұзған. Құқық бұзушылық материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Шақырылған заңды тұлғаларға қатысты оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданады, - дейді өкіл. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы