13 жастағы вундеркинд Назарбаевқа ерекше жобасын таныстырды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Нұр әлем» көрме кешенінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының ашылу рәсімі өтті. «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» деп аталатын салтанатты шарада еліміздің бетке ұстар жастары бас қосты. Түрлі салада жетістікке жеткен жастардың белсенді және креативті өкілдері Елбасы мен жиналған қауым алдында сөз сөйледі.

 Жиында 13 жастағы вундеркинд Абзал Мырзаш 1 минутта 1200-ден астам кітапты латынға аударатын жобасын таныстырды.

«Үздік оқудың нәтижесінде 8 пәннен республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері болдым. Қазір мен 13 жастамын. Қазақ-Британ техникалық университетінің Ақпараттық технологиялар факультетінің 2-ші курсында оқимын. Латын әліпбиіне ауысу ІТ-технологиялық прогрестен қалыс қалмауға, елімізде әлемдік интеграцияны күшейтуге, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Сондықтан сізге ұсынатын екі жобам бар. Бірінші жобамда компьютердің клавиатурасына ыңғайлап, «Абзал Алфавит» деп аталатын қазақ-латын әліпбиін жасадым. Осы нұсқама авторлық куәлік алдым. Менің бұл нұсқам арқылы әлемнің кез келген жерінен компьютердің стандартты ағылшын клавиатурасын пайдаланып, қазақша жазуға болады. Екінші жобамда кириллицадан латын қарпіне аударатын конвертер программа жасадым. Қазір менің бұл конвертер бағдарламам арқылы кириллицадан латын графикасындағы қазақ қарпіне 1 минутта 1200-ден астам кітап аударуға болады», - деді Абзал Мырзаш.

Өз кезегінде Елбасы «жазушыларымыз «бұрынғы жазған кітаптарымыз қайда қалатын болды?» деп жүруші еді, енді білетін болды», - деді.

Абзал Мырзаш осындағы оқуын бітіргеннен кейін АҚШ университетінде білімін жалғастырып, еліміздің технологиялық дамуына үлес қосатынын айтты. Бұған қоса, кейін осы салада үлкен кәсіпорын ашқысы келетінін де жеткізді.

Қымбат Елтайқызы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы