Кеше 2026, 22:24 Фото: lada.kz

13 жасар баланың өлімі: Ақтаулық ана тексеру жүргізуді талап етті

Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасының мәліметінше, қазіргі уақытта аталған дерек бойынша құзырлы органдар тексеру жүргізіп жатыр.

Ақтау қаласының тұрғыны Жұлдыз Азанова 13 жастағы ұлының өлімінен кейін медицина қызметкерлерінің әрекетіне қатысты тексеру жүргізуді талап етіп, Мемлекет басшысына жүгінді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Анасының айтуынша, 17 қаңтарда баласы ішінің қатты ауырғанына шағымданып, жедел жәрдеммен облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілген. Алайда бірнеше сағат бақылаудан кейін нақты диагноз қойылмай, үйіне жіберілген.

Кейін баланың жағдайы нашарлап, қызуы көтерілгеніне қарамастан, түрлі медициналық мекемелерге жүгінгенімен, нақты диагноз қойылмаған. Тек жағдайы күрт ауырлаған соң ғана ол ауруханаға жатқызылып, операция жасалған.

Жұлдыз Азанованың сөзінше, ота кезінде кешігу салдарынан соқыр ішекпен қатар ішектің бір бөлігі алынған. Кейін бала санитарлық авиация арқылы Алматыға жеткізілген.

Алайда 13 сәуір күні жасөспірім қайтыс болғаны белгілі болды.

Оқиғаға байланысты анасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне бейнеүндеу жолдап, медицина қызметкерлерінің іс-әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады.

Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасының мәліметінше, қазіргі уақытта аталған дерек бойынша құзырлы органдар тексеру жүргізіп жатыр. Қорытындысы бойынша заңға сәйкес шешім қабылданады.