1,3 трлн теңге актив қайтарылды: Бас прокурор еліміздегі реформалар жайлы
ҚР Бас прокуроры Берік Асылов прокуратура органдарының жаңа форматтағы жұмысы, азаматтардың құқықтарын қорғау, инвесторларды қолдау және заңсыз активтерді қайтару жөнінде ЕGEMEN QAZAQSTAN газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Адамға бағдарланған қадағалау – басты қағидат
Бас прокурордың айтуынша, құқық қорғау жүйесінің трансформациясы азаматтың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Президент жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда құқықтық сананы жаңартудың негізгі тірегіне айналды.
«Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген принцип прокуратура жұмысының барлық деңгейіне енгізілуде. Осыған байланысты қадағалау тетіктері IT шешімдер арқылы жаңартылып, прокуратура қызметі барынша жедел әрі сервистік форматқа бейімделуде.
Әлеуметтік және балалар құқықтарын қорғау күшейді
Прокурорлар биыл 2 млрд теңгеден астам жалақы қарызын өндіріп берген. Балалар құқығы – ерекше бақылауда. Алимент бойынша қарыздар 15 млрд теңгеден асып, 8 мыңнан астам төлем жасаудан жалтарған борышкер жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, балалар үйінің екі мыңға жуық тәрбиеленушісінің тұрғын үй құқықтары қалпына келтіріліп, олардың 675-і баспаналы болды.
Қылмыстық процесте азаматтарды негізсіз жауапкершілікке тартуға жол бермеу – маңызды басымдық. Жыл сайын қылмыстық істердің 35-40 пайызы бастапқы кезеңде ақтаушы негіздермен тоқтатылады. Соңғы бес жылда 14 мыңнан астам адам жөнсіз қудалаудан қорғалды.
Түрмелердегі өзгерістер және қоғамға бейімдеу
Қылмыстық-атқару жүйесінде жаңа өндірістер ашылып, сотталғандардың 65 пайыздан астамы еңбекпен қамтылған. Пробациядағы азаматтарға қолдау көрсетіліп, 3 мыңнан астам адам жұмыс тапты, 44 адам бизнес ашуға қайтарымсыз грант алды.
Инвесторларды қорғау – экономикалық қауіпсіздіктің бөлігі
Прокуратура «прокурорлық сүзгі» арқылы инвесторларға заңсыз қысымды үш есе қысқартты. Сүйемелденген жобалардың көлемі 3 трлн теңгеге жетіп, 15 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда 76 трлн теңгеден асатын инвестиция құйған екі мыңға жуық инвестор прокурорлардың тікелей бақылауында.
Бұл жұмыс қылмыстық ахуалға да оң әсер етті: биыл қылмыс 9 пайызға, аса ауыр қылмыстар 62 пайызға, көше қылмысы 8 пайызға төмендеді. Кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істердің саны 2021 жылмен салыстырғанда алты есе азайды.
Мемлекетке қайтарылған активтер – халық игілігіне
Заңсыз шығарылған 1,3 трлн теңгеден асатын активтер елге қайтарылды. Бұл қаражат есебінен 480 млрд теңгеге 434 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Олардың ішінде медицина, білім, спорт инфрақұрылымы мен су жүйелері бар. 108 нысан толық пайдалануға берілген. Павлодар, Арқалық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңартылуда.
Цифрлық бақылау және жасанды интеллект
Киберқылмысқа қарсы күресте Антифрод орталығының көмегімен 2,3 млрд теңге көлеміндегі қаржы алаяқтардың қолына өтпей қалды. 138 қылмыстық топтың жолы кесілді. Sim-box құрылғыларын пайдалану фактілері анықталып, шетелдік қатысушылар да ұсталған.
«Цифрлық қадағалау» платформасы, дрондар, ақылды камералар арқылы іздеудегі адамдар анықталып жатыр. Биылдың өзінде 5 мыңға жуық адам табылған. Осы бағытта құқық қорғау академиясында 2026 жылдан бастап кибертехнологиялар және цифрлық криминалистика кафедрасы ашылады.
Халықпен байланыс – ашықтық кепілі
Биыл жеке қабылдауда 63 мыңнан астам азаматтың мәселесі қаралып, 20 мыңнан аса адам прокурорлар орталықтарына жүгінген. «Халықтық заңгер», «Көшпелі қабылдау» және құқықтық түсіндіру акциялары жиі өткізіледі. Есірткімен күреске азаматтарды тарту үшін ынталандыру шаралары енгізілді. ШҚО-да хабар берген тұрғындарға 3 млн теңге сыйақы төленген.
«Әділетті Қазақстан» жолындағы миссия
Сұхбат соңында Бас прокурор әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, қоғам алдындағы жауапкершілік туралы айтты:
Прокуратура заңдылықты қамтамасыз етудегі конституциялық миссиясын абыроймен атқарып келеді. Біздің барлық күш-жігеріміз Әділетті Қазақстан құруға бағытталған, - деді Берік Асылов.