1,3 млрд долларлық жаңа келісім: Қазақстан мен ИДБ ынтымақтастығы кеңейеді
Тараптар қазіргі таңда 2027-2032 жылдарға арналған Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы жаңа әріптестік стратегиясын әзірлеп жатқанын атап өтті.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ислам даму банкінің (ИДБ) президенті доктор Мұхаммед әл-Джассермен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспарларын талқылады.
Кездесу барысында Серік Жұманғарин Ислам даму банкінің Қазақстанмен әріптестікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, соңғы жылдары ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, 2024 жылы су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және жаңғыртуға бағытталған 1,1 млрд долларлық инвестициялық бағдарлама басталған. Ал биылғы ақпаннан бастап арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға 1,3 млрд доллар тартуды көздейтін негіздемелік келісім жүзеге асырыла бастады. Сонымен қатар «Қызылорда – Сексеуіл» теміржолы мен Қызылорда қаласының айналма жолын қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Тараптар қазіргі таңда 2027-2032 жылдарға арналған Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы жаңа әріптестік стратегиясын әзірлеп жатқанын атап өтті. Құжат алдағы жылдардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайды.
ИДБ президенті Мұхаммед әл-Джассер Қазақстанмен өзара іс-қимыл әлеуеті бұдан да ауқымды екенін айтып, банк ұлттық институттардың әлеуетін күшейтуге және жобаларды елдің өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып іске асыруға басымдық беретінін жеткізді.
Оның сөзінше, Ислам даму банкі тек қаржы институты ғана емес, «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін кешенді құрылым. Банк жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландырумен қатар сақтандыру және сауданы қаржыландыру құралдарын да ұсынады.
Кездесу барысында Серік Жұманғарин Ислам даму банкінің Астанада қосымша кеңсесін ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, Алматыдағы өңірлік кеңсе өз жұмысын тиімді атқарып келеді, алайда ынтымақтастықтың кеңеюі орталық мемлекеттік органдармен өзара байланысты күшейтуді талап етеді.
Вице-премьер Ислам даму банкінің тәжірибесі Қазақстанда инфрақұрылымды дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, су ресурстарын тиімді басқаруға және «жасыл» технологияларды енгізуге бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Кездесу соңында тараптар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту жөніндегі форвардтық лизинг туралы келісімнің қол қойылған даналарымен алмасты.
Айта кетейік, Қазақстан Ислам даму банкінің мүшесі ретінде 1995 жылдан бері жұмыс істейді. Алматыдағы банктің өңірлік кеңсесі 1997 жылдан бастап Шығыс Еуропа, ТМД, Моңғолия және Қытайдағы қызметін үйлестіреді. Осы уақыт аралығында Қазақстандағы жобаларға бөлінген қаржыландыру көлемі 4,2 млрд доллардан асты. Қазіргі таңда су, көлік және индустриялық секторларда бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.