Бүгiн 2026, 20:45 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

13 мамырға арналған ауа райы болжамы жарияланды

13 мамыр, сәрсенбі күніне арналған Қазақстан аумағы бойынша ауа райы болжамы жарияланды.

"Қазгидромет" РМК синоптиктерінің мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады.

Ел аумағында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал түнгі уақытта шығыс және солтүстік-шығыс өңірлерде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын түседі.

Сонымен қатар, республиканың оңтүстігінде жауын-шашынсыз, көбіне құрғақ ауа райы сақталады.

Бұдан бөлек, ел бойынша желдің күшеюі, тұман, сондай-ақ батыс пен оңтүстікте шаңды дауыл болжанып отыр.

Синоптиктердің айтуынша, түнде Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасы -1-6°С дейін төмендеп, үсік жүреді.

Сондай-ақ Абай облысының шығысы мен оңтүстігінде, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының шығысында, Павлодар облысының солтүстігі мен шығысында, Жетісу және Алматы облыстарының таулы және солтүстік-батыс аудандарында ауа температурасы -1-3°С дейін төмендейді.

Сонымен бірге, Ұлытау облысында, сондай-ақ Қарағанды, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Ақмола, Павлодар облыстарының жекелеген аумақтарында, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары өрт қаупі сақталады.

Ал Қызылорда облысының шығысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталып отыр.