13 дүркін чемпион: Рүстем Ерғалидың спорттық жолы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кезінде қазақ топырағынан баскетболдан Әлжан Жармұхамедов, Надежда Ольхова, Валерий Тихоненко, Ирина Герлиц сынды Олимпиада чемпиондары шыққан болатын. Бірақ соңғы 20-30 жыл көлемінде бұл спорт түрі кенжелеп қалды. Шыны керек, әлемдік деңгейде өнер көрсететін әзірге ешкім жоқ. Бірақ соған қарамастан отандық жанкүйерлердің сый құрметіне бөленген, өз ісіне адал, кәсіби шебер баскетболшылар бар. Әлемді болмаса да, ел ішінде ерекше өнерімен көзге түскен, талай жыл «Астана» баскетбол клубы мен Қазақстан құрамасының капитаны болған Рүстем Ерғалиды сол қатарға қосуға болады. Ол 2019 жылы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанған.
Рүстем спорттық карьерасын 2002 жылы «Астана жолбарыстары» командасынан бастаған. Ал 2011 жылы «Астана» клубы құрылғанда осында ауысты. 2019 жылға дейін елорда командасын алаңға капитан ретінде бастап шығып жүрді. 33 жасында карьерасын аяқтап, орнын жастарға берді. Қазіргі кезде «Астана» клубының атқарушы директоры. Бұған дейін бұл қызметті Жомарт Асенқанов атқарған.
Қостанайдан басталған алғашқы қадам
Баскетбол келуім қызық болған. Үйде кереуетте жатқанымда теледидардан Ұлттық баскетбол лигасындағы «Сан Антонио Сперс» пен «Портленд Трэйл Блэйзерс» арасындағы ойынға көзім түсіп кетті. Бұл матч менің баскетболға деген қызығушылымды оятты. Баскетболда ұзын жігіттер ойнайды. Соларға ұқсағым келді. Осыдан соң, баскетбол секциясына жазылуды ұйғардым. Бұл ойымды анама айтып, екеуімізге бардық. Сыныптастарымның арасында ең ұзыны болатынмын. Бапкерім де бірден бойыма қарады. Өйткені ұзын бойлы қазақ жігіттері аса көп емес. Сөйтіп бірден қабылдады. Бірақ өкінішке қарай, алғашқы 10 күннің ішінде жаттығуға бір-екі рет кешігіп бардым. Бұл әрекетім бапкерге ұнаған жоқ. Ол мені жазалағысы келді. 10 рет отжимания жасап, 10 рет турникке тартылуым керектігін айтты. Алғашқысын істегеніммен, екіншісіне шамам келмеді. Физикалық әлеуетім аса мықты емес болатын. Сосын автоматты түрден шығарып жіберді. Бұған көңілім қалды. Үйге келгенде анам не болғанын сұрады. Жағдайды түсіндіріп едім, басқа мектепке барамыз деп айтты. Ертеңінде сол мектепке қарама-қарсы орналасқан, жолдың екінші бетіндегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебін тауып алдық. Баскетболмен тұрақты түрде сол жерде айналыса бастадым. Алғашқы бапкерім – Владимир Крохин. Әлі күнге дейін араласып тұрамын. Арада бір апта өткенде Қостанайдың Лисаковск қаласындағы жарысқа алып кетті. Ол жерден бірінші орын алдық. Мен үздік ойыншы атандым. Осылайша баскетболдағы карьерам басталды. Бұдан соң жарыстарға тұрақты түрде қатысып жүрдік, - деді ол.
Елордаға қоныс аударуы
2001 жылы үйімізге елордадан жаттықтырушылардың бірі келіп, анама Астанада жаңа команда ашылып жатқанын айтты. Сол команданың құрамынан Рүстемді көргіміз келеді деді. Мен үйдегі жалғыз баламын. Анам жіберуге құлықты болмады. Дегенмен отбасымызбен жиналып, баратын болып шештім. Жасым 14-те болатын. Сөйтіп Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиадалық резерв мектебіне қабылдандым. Мектепті аяқтаған соң, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне оқуға түсіп, «Маркетолог» мамандығы бойынша білім алып шықтым, - деді Рүстем Ерғали.
13 дүркін чемпион
Қазақстанда шыны керек, баскетболда бәсекелестік жоқ. Бұрын «Астана жолбарыстары», кейін «Астана» клубы аса қиналмай чемпион болып жүрді. Рүстем осы екі клубта да ойнаған. Алғашқысымен 2004-2010 жылдары алты рет ел чемпионы атанса, «Астана» клубында тағы жеті рет Қазақстан чемпионы деген мәртебелі атаққа ие болды. Тек бір рет 2015/2016 жылғы маусымда чемпионатты екінші орынмен аяқтап, күміс медаль олжалады.
Бұл сәтсіздікті ол былай түсіндіреді:
«Атырау» командасы үнемі бізбен бәсекелесуге тырысады. Бір рет олардан Қазақстан чемпионатында жеңіліп қалдық. Бұл 2015 жылы болатын. Қарсыласымыздың ойыны жүріп тұрған. Ал «Астана» қаржылық мәселелерге тап болды. Сол тұста легионерлердің көбісі ойнаудан бас тартты. Команданың ішкі атмосферасы бұзылды. Алаңда бір-бірімізді түсінбей, ұтылып қалдық. Аталған маусым «Астананың» тарихындағы ең сәтсіз кезең болды, - деді ол.
Болашақ чемпиондарды даярлау
Рүстем «Астана» клубындағы негізгі қызметінен бөлек, балалар спортын дамытуды да қолға алған.
Спортты дамыту үшін алдымен инфрақұрылым қажет. Алдағы уақытта бұқаралық спортты дамытуға өз үлесімді қоссам деймін. Осы күні өте көп бала баскетболмен айналысқысы келеді. Дәл қазір «Астана» клубындағы ойындардан бөлек, балалар спортын дамытуды да қолға алдым. Арнайы академия құрып, болашақ чемпиондар даярлығына ден қойдық. Біздің академияда 250 бала жаттығып жүр. Өкінішке қарай, жаттығу процесі қиындау. Көптеген мектепте дұрыс жаттығатын зал жоқ. Елордада барлық талапқа сай келетін жалғыз баскетбол алаңы бар, онда үнемі бас команда жаттығады, - деді спортшы.Оның айтуынша, бұл балалар болашақта «Астана» клубы мен ұлттық құраманың резерві болмақ.
Мен олардың бәрі командаға қабылданады деп айта алмаймын. Арасында 2-3 жоғары деңгейлі ойыншы шықса, оның өзі үлкен жетістік. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту бастамасына қосқан үлесіміз болар еді. Академияда 2004-2009 жылғы балалар жаттығып жүр. Келесі жылы 2010 жылғы балаларды қабылдаймыз. Бұл жақсы тәжірибе. Олар негізгі құрамның ойыншыларына қарап, мотивация алады, - деді ол.
Жұлдыз ауруы – спорттағы ең алғашқы қателік
Спортта еңбекқорлық қажет. Төккен тер босқа кетпейді. Спорт адамның мінезін қалыптастырады. Жаттығуда бар күшті салу қажет. Сол кезде нәтиже болады. Кейбір адамға құдай әуелден талант, физикалық қабілетті береді. Бойлары ұзын, дене тұрқы барлығы сай келетіндер өздерін тым ерте жұлдыз сезініп кететін сәттер жиі болып тұрады. Болашақ баскетболшыларға айтарым, бұл спорттық карьерадағы ең алғашқы қателік. Мен мұндай кезеңнен тез өтіп кеттім. Соған қуаныштымын, - деді ол.Спортшының сөзінше, Мемлекет баскетболға көбірек көңіл бөліп, оның дамуына мүдделі болуы тиіс.
Мен баскетболды жақсы көремін. Мемлекет баскетболға көбірек көңіл бөліп, оның дамуына мүдделі болса жақсы еді. Бірнеше талантты жастар бар. Олармен жұмыс істеу керек. Біз жас таланттардың қабілеттерін аша алсақ, онда шетелден қымбат легионер сатып алудың қажеті болмайды, - деп түйіндеді ол.