№129 сайлау учаскесінде бір сағатта жүзге жуық адам дауыс берді – фоторепортаж
Астанадағы №129 сайлау учаскесінде дауыс беру басталған алғашқы бір сағаттың ішінде жүзге жуық адам өз таңдауын жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталды. Таңертеңнен бері тұрғындар белсенді келіп, өз дауыстарын беріп жатыр.
№129 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Жанна Тәуекелованың айтуынша, учаскеде барлығы 2451 сайлаушы тіркелген.
Таңғы сағат жетіден бастап сайлаушылар жақсы көңіл-күймен келіп, белсенді дауыс беріп жатыр. Дауыс беру басталғанына бір сағат уақыт өтті. Осы уақыт аралығында жүзге жуық адам өз таңдауын жасады, – деді Жанна Тәуекелова.
Оның сөзінше, биыл аталған учаскеде 35 азамат алғаш рет дауыс береді. Олардың басым бөлігі – жастар.
Сонымен қатар денсаулығына немесе өзге де себептерге байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын 4 сайлаушы үйден дауыс беруге өтініш білдірген. Комиссия мүшелері олардың тұрғылықты мекенжайына барып, дауыс беруіне мүмкіндік жасайды.
Таңғы уақыт болғанына қарамастан, сайлау учаскесіне тұрғындар легі толастаған жоқ. Бірі отбасымен келсе, енді бірі жұмысқа барар алдында азаматтық таңдауын жасап үлгерді.