121 жеке кәсіпкер 1 пайызбен несие алды
Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ елінде әзірге баламасы жоқ бұл жоба соңғы екі жылдан бері Маңғыстау өңірінде жүзеге асып келеді.
Кәсіпкерлік қолдауға бағытталған өңірлік бағдарламаның атауы "Нұр-Капитал". Басты ерекшелігі - кәсіпкердің бір пайыздық үстемақымен несие алып, ісін бастауына мүмкіндік береді.Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында бастапқыда жергілікті мұнай компаниясынан 900 миллион, кәсіпкерлікті қаржылай қолдау қорынан 1,8 млрд теңге бөлінген еді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік саланы көркейту мақсатында 2,7 млрд теңге несие ресурстары да бағытталды.
Бұл қаражат екінші деңгейлі банктерден 8,5 пайызбен бөлініп, оның 7,5 пайызы жергілікті бюджет есебінен субсидияланады. Сонда қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлеме бар болғаны 1 процентті құрайды деген сөз.
Бүгінгі күнге дейін "Нұр-Капитал" бағдарламасы аясында қаралған 121 жобаны іске қосу үшін 2,4 млрд теңге несие қаржы берілген. Бұл ретте облыс бойынша жаңадан ашылған жұмыс орнының саны бір мыңнан асады.
Қазір көш бастап тұрғаны Жаңазен қаласы. Мұнда 38 жоба қолданыста. Ал Мұнайлыда 44, Бейнеуде ауданында 12, Түпқарағанда 11, Маңғыстау мен Қарақия аудандарында онға тарта жоба жүзеге асырылған.
Айта кетейік, 30 млн теңгеге дейін несие алушы азаматқа "Бизнестің Жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында 85 пайызға дейін мемлекеттік кепілдік беріледі. Басты талап - мұндай пайыздық мөлшермемен несие ол жаңа жұмыс орындарын ашатын болса ғана беріледі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Түркістанда үшем дүниеге келді
Өзгелердің жаңалығы