120 шөбересі бар 102 жастағы әже таңдау жасады
Түркістан облысы Жетісай ауданындағы №75 сайлау учаскесінде тұрғындар дауыс беруге белсенді қатысып жатыр. Сайлауға төсекте ауырып жатып қалған, өз бетінше жүре алмайтың дауыс берушілердің де құқы ескерілген, деп хабарлайды аймақтағы BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі сайлауда Жетісай ауданы, Бәйтерек ауылының тұрғыны Забира Смаилова денсаулығына байланысты учаскеге келе алмады. Сол себепті учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері өтініш білдірген тұрғынның үйіне арнайы барып қайтты.
Бәйтерек ауылының 102 жастағы тұрғыны Забира әжей Ж.Ералиев ауылдық округінің ұзақ жасаған адамы ретінде үлкен мақтанышына айналған. 1920 жылы дүниеге келген Забира Смаилова қазақ елі тарихындағы ашаршылық жылдарын, екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын көрген жан, ал тың игеру жылдары шаруашылыққа ерте араласқан. Соғыс біткен соң да ауылдың жағдайын түзеуге ер азаматтармен бірдей еңбек етіп, елдің жағдайының түзелуіне үлес қосқан.
Забира әженің айтуынша, қолынан кетпені түспеген, масақ теріп, мал да бағыпты. Кеңес заманындағы колхозда қатардағы жұмысшы болған.
Биыл 102 жасқа келген Забира әжей қазақ елінің болашағы жарқын, тыныш болуын тілейді.
«Қазір елдің жағдайы жақсарды, барлығы бар. Тоқшылық заман. Тыныш елде өмір сүріп жатырмыз. Оқ пен от төбемізден атқылап жатқан жоқ. Қарақтарым, осы қолда тұрған бақытты бағалай біліңдер. Қолымызда тұрған байлығымызды, барымызды қадірлей білейік. Біз заманында аш та қалдық, қиын кезеңдерді бастан кешірдік, үреймен жүретінбіз. Қазір, құдайға шүкір Тәуелсіз ел болдық, өз еркіндігіміз бар. Барымызға шүкіршілік етіп, жақсылықтан үміт үзбейік. Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш бола берсін», - деп ақ батасын берді ауылдың қарт тұрғыны.
Айта кетейік, Забира Смаилованың 9 перзенті, қырық немересі мен 120 шөбересі бар. Бүгінде ол алып бәйтеректей тамырын тереңге жайған әулет анасы. Ол жасы келіп қалса да еліміздегі соңғы жаңалықтарынан құр қалмай біліп отырады, айналасын жақсылыққа шақырумен келеді.