Солтүстік Қазақстанда 120 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылжар өңірінде 120 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Аталған білім ошақтарында 35 мың бала білім алып жүр. 

Мектептерді жөндеу жұмыстарына қазынадан 5 млрд теңге бөлінген. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 12 есе көп. 


«Балалар жылы, жарық әрі жайлы ғимараттарда білім алуы тиіс. Басты принцип осы. Кейбір мектептерде оқушылар тоңып жүреді. Бұл білім сапасына кері әсер етеді. Жөндеу жұмыстарынан кейін балалар, мұғалімдер мен ата-аналарға жақсы жағдай жасалады», - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов журналистерге берген сұхбатында. 


Құмар Ақсақалов күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан нысандарды аралап, жұмыс сапасын көрді. Директорлар және мұғалімдермен тілдескен облыс әкімі ұстаздар мен ата-аналардан заңсыз ақша жинағандар қатаң жазаланатынын ескертті. 


«Маған мұғалімдерден сыныпты жөндеуге ақша жинап жатыр деген ақпараттар түсіп жатыр. Бұл – барып тұрған бассыздық. Бюджеттен қажетті қаражаттың барлығы бөлінеді. Мұғалімдер мен ата-аналардан бір тиын алынбасын. Егер осындай фактілер тіркелсе, басшыларды жазалаймыз. Ондайлар орнын босатады. Бұл мәселе мектеп директорлары мен аудандық білім басшыларына қатысты. Білім басқармасы осы сұрақты облыс бойынша өз бақылауына алсын. Егер осындай фактілер болса, әлеуметтік желілердегі парақшама жазыңыздар, тексерес жүргіземіз», - деді Құмар Ақсақалов. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы