120 каналды жаңғыртуға 221 млрд теңге бөлінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 5 жыл ішінде 8 облыста 120 канал жалпы сомасы 221 млрд теңгеге қайта жаңғыртылады, оның ішінде РБ-дан 188 млрд теңге және бюджеттен тыс 34 млрд теңге бөлінеді.  Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов брифингте айтты.

Оның айтуынша, бүгінде 19 жобалық сметалық құжат дайын, оның ішінде Атырау облысы бойынша 5 және Түркістан облысы бойынша 14. Жалпы алғанда, 120 каналды қайта жаңарту 2025 жылға қарай суармалы алқапты 2,2 млн гектарға дейін жеткізуге және жыл сайын 800 млн.м3 суармалы судың шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Қабылданған шаралар сондай-ақ ауылда 120 мың жұмыс орнын құруға және жыл сайын 510 млрд теңге сомасына өнім өсіруге ықпал ететін болады. Қазіргі уақытта Мемлекеттік Инвестициалық Жоба 120 канал бойынша әзірленуде, содан кейін экономикалық қорытынды алу үшін ҚР ҰЭМ қарауына енгізілетін болады. Жоспарланған 41 авариялық су қоймасының 16 қалпына келтірілді. Нәтижесінде халық саны 120 мың адамнан асатын 16 АЕМ-де су басу қаупі жойылды. Биыл тағы 6 су қоймасын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қалған 19-ы 2025 жылдың соңына дейін қалпына келтіріледі,-деді Бекмағамбетов.

2025 жылға дейін қосымша су көлемін қамтамасыз ету үшін жинақтау көлемі 1,7 текше километрді құрайтын 9 жаңа су қоймаларының жобасы іске асыру жоспарлануда, оның ішінде: Ақмола-1, Алматы облысы-1, Жамбыл – 3, Батыс Қазақстан – 2, Қызылорда – 1, Түркістан-1, 59,4 млрд. теңге сомасына, оның ішінде 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетте 11,3 млрд.теңге қолдау тапты.

2021 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, көлемі 18,5 млн.м3 «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы пайдалануға берілген. 2022-2023 жылдар кезеңінде 6 жобалық сметалық құжаттарды әзірлеуді аяқтау жоспарланып отыр, бұл жалпы көлемі 1,6 км.м3 болатын Ырғайты, Ақмола, Қалғұты, Үлкен Өзен, Бұзылық, Қараөзек және Кіші Өзен су қоймалары. 2023 жылы осы аталған қоймалардың құрылысын бастау жоспарлануда.

Мемлекет басшысының осы жылғы 8 ақпандағы кеңейтілген үкімет отырысында берілген тапсырмасына сәйкес жаңа су кодексі әзірленуде. Жаңа Су кодексін қабылдау елдің су-ресурстық әлеуетін сақтау, су үнемдеуге арналған кондырғыларды пайдалануға ынталандыру, су ресурстары мен суға сұранысты басқарудағы қоғамның рөлін арттыру, сондай-ақ саланы ғылыми сүйемелдеуді енгізу үшін негіз болады. Қазіргі уақытта жаңа Су кодексінің Тұжырымдамасы және ілеспе заң жобасы әзірленді. Жаңа Су кодексінің тараулары мен баптары жасақталуда. Кодекс жобасы бекітілген мерзімде Парламент Мәжілісіне енгізілетін болады – деді Д. Бекмағамбетов.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы