Түркістанда орташа жалақы – 120 097 теңге
Түркістан облысы, BAQ. KZ тілшісі. 2019 жылы қаңтар-желтоқсан айларында Түркістан облысының әлеуметтік экономикалық дамуы мен табиғи өсім көрсеткіші айтарлықтай қарқынды дамыды. Бүгінде өңірдің халық саны 2 018 116 адамды құрап отыр.
Бүгінде өңірдің халық саны 2 018 116 адамды құрап отыр. Бұл туралы Түркістан облыстық статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков мәлімдеді.
Демография жағынан әдеттегідей көштің басын Түркістан облысы бастап тұр. Өткен жылы өңірде 55845 бала дүниеге келген. Ал Алматы облысында 50503 бала дүние есігін ашыпты.
Түркістан облыстық статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабековтың айтуынша, өткен жылы бір қызметкердің орташа айлық жалақысы – 120 097 теңгені құраған.
2019 жылдың ІІІ тоқсанындағы қорытындыға тоқтала кетсек, бір қызметкердің жалақысы 120 мың теңгеге шақ болған. Есепке кәсіпкерлікпен айналысатын шағын кәсіпорындар да алынды. Бұған ынталандыру мен өтемдік сипаттағы төлемдер, табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары, лауазымдық айлықақы, сыйлықақылар, үстеме ақылар кіреді. Облысымызда ең көп жалақы алатын аудан Созақ ауданы болып танылды. Ондағы жұмысшылардың айлығы – 223 228 теңге, Түркістан қаласы – 136 196 теңге, Отырар ауданы –134 893 теңге, Бәйдібек ауданы – 117 579 теңге, Кентау қаласы – 117 032 теңге, ал ең төменгі жалақы Жетісай ауданы бойынша қызметкердің орташа айлық жалақысы 91 866 теңге, Сарыағаш ауданы – 98 133 теңге, Ордабасы ауданы – 98 223 теңгені құрап отыр, - атап өтті департамент басшысы А.Әбілдабеков.
Бұдан бөлек, Түркістан облысы республика көлемінде шаруа қожалықтары саны бойынша 1 орынды, жеке кәсіпкерлер саны бойынша 6 орынды иемденді. Сондай-ақ аталған өңірдің Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда барысында экспорт үлесі 97,5 %, импорт 92,6 % құраған, ал ауылшаруашылығы өнімінің үлес салмағы 12,0 % жеткен.
2020 жылдың 1 қаңтарға дейін облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 10,7 % құрады. Өнеркәсіп өндірісінің өнім көлеміне тоқталсақ, қайта өңдеу – 244 млрд 695 млн теңге, кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 219 млрд 694 млн теңге, жарықпен қамтамасыз ету, көгілдір отын, су, ауа баптау – 27 041 млн теңге, су және кәріз жүйелері, қалдықтардың жиналуы – 6917 млн теңгеге жетті.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 441 млрд 214 млн теңгені құрады.