Бүгiн 2026, 12:05 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Шілдеден бастап азаматтар несиелерін бір төлемге біріктіре алады

Ай сайынғы төлем әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін 90 мың теңгеден аспайды.

Қазақстанда бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымынан несие алып, ай сайынғы төлемдерін өтеуде қиындыққа тап болған азаматтар аз емес. 12 шілдеден бастап жаңа цифрлық платформа іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл азаматтардың қарыз жүктемесін азайтып, төлем қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Платформа қалай жұмыс істейді?

Жаңа жүйе тек тұтынушылық несиелерге арналған. Яғни ипотека мен автонесие бұл бағдарламаға кірмейді.

Платформа арқылы азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы қарыздары, сондай-ақ коллекторлық компанияларға берілген берешектері бір жүйеге жинақталады. Нәтижесінде бірнеше төлемнің орнына бірыңғай төлем кестесі жасалады.

Егер азаматтың жалпы берешегі 1600 АЕК-тен, яғни 6 млн 320 мың теңгеден аспаса, ол сотқа жетпеген қарыздарын жаңа платформа арқылы біріктіріп, өзіне қолайлы төлем кестесі бойынша өтей алады,-дейді заңгер.

Өтінімді онлайн түрде беруге болады. Қосымша анықтама жинаудың немесе әрбір қаржы ұйымына жеке жүгінудің қажеті жоқ. Әр азаматтың өтініші жеке қаралып, оның табысы мен қаржылық жағдайына қарай жаңа төлем жоспары ұсынылады.

Заңгердің айтуынша, қарызды өтеу мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

Ай сайынғы төлем азая ма?

Алдын ала мәлімет бойынша, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін төлем көлемі шамамен 90 мың теңгеден аспайды. Ал басқа қатысушылар үшін төлем мөлшері олардың табысы мен қаржылық мүмкіндігіне қарай есептеледі.

Алайда бағдарламаға қатысқан азаматтар қарызын толық өтегенге дейін жаңа несие рәсімдей алмайды.

Айыппұлдар мен өсімпұлдар кешіріле ме?

Заңгер Дәулетхан Ахметовтің айтуынша, платформаға қосылған кезде негізгі қарыз сақталады. Ал айыппұлдар мен өсімпұлдарды қайта қарау мәселесі әр жағдай бойынша жеке шешіледі. Сондықтан бағдарлама барлық берешекті толық есептен шығарады деуге болмайды.

Сондай-ақ азамат негізгі қарыз бен несие бойынша есептелген пайыздарды өтеу міндетінен босатылмайды.

Заңгердің айтуынша, бүгінде көптеген азамат бірнеше қаржы ұйымынан қарыз алып, төлем мерзімін өткізіп алған соң ғана көмек іздей бастайды.

Бұған дейін әр банкпен немесе микроқаржы ұйымымен жеке келіссөз жүргізуге тура келетін. Енді борышкер барлық қарызы бойынша бір алаң арқылы өтініш беріп, ортақ шешімге келе алады. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, сот даулары мен коллекторларға байланысты мәселелердің азаюына ықпал етеді, – дейді ол.

Кімдер қатыса алады?

Платформаға өтініш беру үшін азамат өзінің төлем қабілеттілігін растауы қажет. Алайда табыстың соңғы алты ай бойы үздіксіз түсуі міндетті талап болмауы мүмкін.

Жүйе ең алдымен төлем жасау мүмкіндігі төмендеген азаматтарға бағытталған. Болашақта мұндай тетік несиесін уақытында төлеп жүрген азаматтарға да қолжетімді болуы ықтимал.

Жаңа жүйеден қандай нәтиже күтіледі?

Сарапшыбіры пікірінше, бірыңғай цифрлық платформаның іске қосылуы проблемалық несиелер санын азайтуға және азаматтардың қаржылық жауапкершілігін арттыруға көмектеседі.