11 Шілде 2026, 02:34 Фото: depositphotos.com

12 шілдеден бастап әкімдіктер жалдамалы пәтерлерді тексере бастайды

Пәтерде басқа адам тұрса, мемлекеттік субсидия тоқтатылады.

12 шілдеден бастап әкімдіктер мемлекет пәтерақысының бір бөлігін субсидиялайтын жалдамалы пәтерлерге мониторинг жүргізе бастайды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.

Жаңа талапқа сәйкес, тексеріс барысында әкімдік қызметкерлері мемлекеттік қолдау алушы азаматтың жалға алған баспанада өзі тұратынын анықтайды. Егер пәтерде басқа адамдар тұратыны белгілі болса, субсидия тоқтатылады.

Министрліктің мәліметінше, бақылау барлық жалдамалы пәтерлерге емес, тек жалдау ақысының 50 пайызын мемлекет төлейтін тұрғын үйлерге қатысты жүргізіледі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бас сарапшысы Дәубек Керімбаевтың айтуынша, жалға беруші көмек алушының жақын туысы болмауы тиіс. Бұл талап өтінім беру кезінде Отбасы банк арқылы тексеріледі. Сондай-ақ мониторинг барысында кейбір азаматтардың туыстарының үйін жалдамалы баспана ретінде рәсімдеп, мемлекеттік қолдауға ие болған фактілері анықталған.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік субсидия тек азамат жалдау ақысының өз үлесін төлегеннен кейін ғана аударылады. Ал жаңа тексерістер бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауға бағытталған.

Айта кетейік, жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасы 2022 жылдан бері баспана кезегінде тұрған және уақытша жалдамалы тұрғын үйде тұратын әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға көрсетіліп келеді. Министрлік жаңа мониторинг басқа жалдамалы баспаналарға жүргізілмейтінін нақтылады.