12 мың тұрақты жұмыс. Смайылов өңдеу өнеркәсібіндегі жобалар жайлы
Бұл жайында үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысының айтуынша, биыл 8 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында өндірістің өсуі 4%-дан асты. Негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 810 млрд теңгеге жетті.
Өңдеу саласында ең жоғары үлес металлургия өнеркәсібіне , машина жасау және азық-түлік өндірісіне тиесілі болып отыр.
Индустрияландыру картасы аясында биыл тамақ өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында, машина жасауда, металлургияда және басқа салаларда 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл шамамен 12,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазір Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар басым бағытты жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлерді құру бойынша ірі жобалардың тізбесі дайындалуда, – деді Смайылов.
Оның атап өтуінше, мұндай бастама мұнай, газ және көмір химиясында, металды терең өңдеу, уран өнеркәсібі, машина жасау, автокомпоненттер, тыңайтқыштар өндірісі және басқа салаларда көзделіп отыр.
Мұнда ішкі ресурстарды барынша пайдалануға және оффтейк-келісімшарттардың әлеуетін іске қосуға басымдық берілетін болады. Бутадиен және полиэтилен өндіру жобалары іске асыру сатысында. Халықаралық мұнай-газ машинасын жасауды дамыту орталығы әлемдік компаниялардың өндірістерін локализациялау және технологиялар трансферті бойынша тиімді жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, газ детекторларын, насостарды және қысым датчиктерін шығару бойынша бірқатар жаңа жоба пайдалануға берілді, – деді Үкімет басшысы.