1,2 млрд теңге ұрланған: Алмасбек Садырбай ұсталды
"Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкереледі. Ол өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деп күдіктелуде, - делінген хабарламада.
Негізгі мақсат - ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жем-шөп шығындарын өтеу. Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылған.
Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілген. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылған.
Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған.
А.Садырбай ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында, - делінген ҚМА таратқан хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілмейді.