1,2 млрд теңге шығын: ҚМА әлеуметтік төлемдердің ұрланғанын анықтады
Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмекке қатысты заңсыз төлемдер фактілерін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚМА дерегінше, 2024–2025 жылдары 1,2 млрд теңге көлемінде шығын келтірген 13 қылмыстық іс тергелген. Оның ішінде 10 іс жүктілікке байланысты жәрдемақыны заңсыз алу схемасына қатысты болып, 15 ұйымдастырушы жауапкершілікке тартылды. Фиктивті түрде жұмысқа орналастырылған 385 әйел жалған деректер негізінде жәрдемақы алып, мемлекетке 1 млрд теңге шығын келтірген.
Ақтөбе облысында Өмірбекова мен Баймұрзаева 70 жүкті әйелді 29 жеке кәсіпкерлікке қызметкер ретінде тіркеп, 487 млн теңге бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 6 жылға сотталды. Ал Шымкентте Дүйсенова осындай қылмысы үшін мемлекетке 98 млн теңге шығын келтіріп, 5 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп мәлімдеді ведомство.
Барлық анықталған жағдайда алаяқтық тетігі бірдей болған: арнайы құрылған жеке кәсіпкерліктерге жүкті әйелдер «жұмысқа қабылданып», әлеуметтік және зейнетақы аударымдары қағаз жүзінде көп мөлшерде рәсімделген. Осылайша, жәрдемақылар заңсыз түрде бірнеше есе артық есептелген.
ҚМА ақпаратына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген қаржыны жымқыру деректері бойынша да үш қылмыстық іс қозғалды. Бұл істер акиматтардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріндегі 15 қызметкерге қатысты жүргізілуде.
Схема бойынша бас бухгалтерлер сенімді адамдарды әлеуметтік көмек алушылар тізіміне енгізген. Олар шын мәнінде әлеуметтік осал топқа жатпаған. Кейін төлем тапсырмалары рәсімделіп, басшылық қол қойған соң қаражат жалған тұлғалардың шотына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөлінген, - делінген хабарламада.
2023 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер рәсімдеу және әлеуметтік осал топ мәртебесін алу тек eGov порталы арқылы жүзеге асырылуда. Агенттіктің пікірінше, бұл жүйе мұндай алаяқтық әрекеттердің жолын толық жапты.