12 миллионнан астам қазақстандық жаңа Конституция бойынша референдумға қатыса алады
Жаңа Конституция жобасын қабылдау жөніндегі республикалық референдумға 12 416 759 Қазақстан азаматы қатыса алады.
Жаңа Конституция жобасын қабылдау жөніндегі республикалық референдумға 12 416 759 Қазақстан азаматы қатыса алады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сайлаушылар тізіліміне тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 12 416 759 азамат енгізілген.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сайлаушылар тізіліміне тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 12 416 759 азамат енгізілді. Яғни бүгінгі күні республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін жасауға негіз бар. Оған тек ағымдағы жылдың қаңтар және ақпан айларындағы азаматтардың көші-қон қозғалысына және азаматтар берген өтініштерге байланысты жекелеген түзетулер енгізу қажет, – деді ол.
Азамат Айманақұмов референдумды өткізу үшін Орталық сайлау комиссиясы сегіз негізгі құжат әзірлегенін айтты.
Ел бойынша барлығы 10 413 референдум учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде:
- 9 779 учаске – азаматтардың тіркелген мекенжайы бойынша;
- 634 учаске – уақытша болатын орындарда;
- 82 учаске – шетелде (64 мемлекетте).
ОСК мүшесінің сөзінше, Орталық комиссия мен барлық деңгейдегі комиссиялар референдумның заңдылығын, ашықтығын және дұрыс өткізілуін қамтамасыз етеді.
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Жаңа Конституция жобасы 11 бөлімнен және 96 баптан тұрады. Мәжіліс депутаттары жаңа жоба қабылданса, қандай заң қабылданатынын түсіндірді.