12%-дан 20%-ға дейін: Жаңа салық реформасы экономикаға қандай өзгеріс әкеледі
"Экономикалық зерттеулер институты" АҚ Фискалдық саясат орталығы директорының орынбасары Эльмира Осипова елімізде қызу талқыланып жатқан қосымша құн салығына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2023 жылы ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру ұсынылған болатын. Алайда 2024 жылы Президент бұл шешімді қабылдамаған еді. Сарапшының ойынша, 2025 жылға ұсынылып отырған ҚҚС реформасы 2023 жылғы ұсыныстан кешенді тәсілімен және қосымша шараларымен ерекшеленеді.
2023 жылы тек ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселесі қарастырылды. Бұл бизнес пен халыққа әсері жағынан алаңдаушылық тудырды және мұндай өзгерістерді мұқият пысықтау қажеттігін көрсетті. Ал қазіргі Үкіметтің ұсынысы тек ҚҚС мөлшерлемесінің өсуін емес, сонымен қатар салық-бюджет жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар шараны қамтиды. Олардың ішінде еңбекақы төлеу қорына салынатын салықтық жүктемені азайту. Бұл бизнестің шығындарын өтеуге көмектесіп, инфляцияға әсерін жұмсартуға мүмкіндік береді, - деп есептейді Эльмира Осипова.
Сонымен қатар әлеуметтік көмектердің, жалақы мен зейнетақының индексациясы жүргізіледі, бұл халықтың сатып алу қабілетін сақтау үшін маңызды шара болмақ.
Сарапшы ҚҚС-ға қатысты өзгерістер қабылданса, оны халық қашан сезіне бастайтынына болжам жасады.
Экономикадағы алғашқы өзгерістер реформаны енгізгеннен кейін бірнеше ай ішінде байқала бастайды. Бизнестің жаңа жағдайларға бейімделуі, оның ішінде ҚҚС төлеушілерін тіркеудің 15 млн теңге шегінен басталуы және салықтың тоқсан сайын төленуі сияқты шаралар іске қосылады, - дейді Осипова.
Сарапшының ойынша, бюджетке алғашқы қосымша кірістер реформа күшіне енгеннен кейінгі алғашқы тоқсандарда түсе бастайды. Алайда бюджет тапшылығын толық өтеу бірнеше жылға созылуы мүмкін. Бұл ҚҚС мөлшерлемесінің қандай деңгейге көтерілетініне және жаңа салықтық және экономикалық шаралардың тиімділігіне байланысты болмақ.
Ұзақ мерзімді перспективада бұл өзгерістер салық базасының тұрақтануына, фискалдық тұрақтылықтың артуына және мемлекеттік кірістердің өсуіне ықпал етеді. Бірақ нақты нәтижелер жүйенің жаңа жағдайларға толық бейімделуінен кейін ғана байқала бастайды.