28 Шілде 2026, 12:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

116 млрд теңге: Қазақстанда жаңа қайта өңдеу зауыттары салынып жатыр

Кәдеге жарату төлемі есебінен ондаған жоба қаржыландырылды. Жаңа зауыттар мен сұрыптау кешендері қай өңірлерде салынып жатқанын біліңіз.

Қазақстанда қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға кәдеге жарату төлемі есебінен шамамен 116 млрд теңге бағытталды. Бұл қаржы қайта өңдеу кәсіпорындарын салуды, қалдықтарды сұрыптау кешендерін құруды және арнайы техникалар сатып алуды көздейтін 30 жобаны қаржыландыруға жұмсалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жобаларды қаржыландыруды «Жасыл даму» АҚ жүзеге асырып отыр.

Жалпы министрлік жанындағы Инвестициялық штаб құны 376,8 млрд теңгені құрайтын 68 жобаны мақұлдаған. Оның ішінде 30 жоба бүгінде қаржыландырылған.

Жаңа қайта өңдеу кәсіпорындары салынып жатыр

Қаржыландырылған жобалардың бесеуі жылына жалпы қуаты 640 мың тонна болатын қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау нысандарын салуды көздейді.

Ал 16 жоба жылына 430 мың тонна қалдықты қайта өңдеу қуатын қалыптастыруға бағытталған. Бұдан бөлек, 9 жоба аясында 128 бірлік арнайы техника сатып алу жоспарланған.

12 жоба пайдалануға берілді

Қазіргі уақытта 12 жобаны іске асыру толық аяқталды. Соның нәтижесінде 122 бірлік арнайы техника сатып алынып, жылына 140 мың тонна қалдықты сұрыптайтын желілер пайдалануға берілді. Сондай-ақ жылдық қуаты 18,3 мың тонна болатын қайта өңдеу өндірістері іске қосылды.

Жобалар еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатыр

Қаржыландырудың ең үлкен көлемі Алматы қаласына, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қостанай облыстарына бағытталған.

Сонымен қатар жобалар Атырау, Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында, Абай облысында, Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ еліміздің өзге де өңірлерінде жүзеге асырылып жатыр.

Бұл жобалар макулатураны, ПЭТ-бөтелкелерді, автокөлік шиналарын, тағам қалдықтары мен басқа да қалдық түрлерін қайта өңдеуді, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуды және арнайы техникалар паркін жаңартуды қамтиды.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан ресейлік көліктерге утильалымды көтереді 

Жаңа утильалым: Автонарық қалай өзгереді?