112 мыңға жуық қазақстандық онлайн кәсіптік оқыту платформасында курстардан өтті

Жыл басынан бері 111,9 мың азамат, оның ішінде 28,4 мыңға жуығы жұмыссыз, SKILLS.ENBEK.KZ онлайн кәсіптік оқыту платформасында курстардан өткені туралы сертификат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, платформада жалпы 302,2 мың қазақстандық тіркелді, оның 118,4 мыңы 2023 жылы тіркелген.

Оқудан өткен 28,4 мың жұмыссыз азаматтың 10,2 мыңы – негізінен Қызылорда, Түркістан, Алматы облыстары және Шымкент қаласының жастары.

Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар онда әртүрлі бағыт бойынша 219 курс жариялады, оның 166-сы тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.

Ең танымал курстар – «Жылыжайда көкөніс өсіру технологиясы», «Птицеводство. Выращивание бройлеров», «Выращивание клубники от А до Я», «Откорм крупного рогатого скота», «Кассир».

Платформада ақпараттық технологиялар, экология және еңбекті қорғау, туризм, бизнес, энергетика, маркетинг және менеджмент, білім беру және тәрбие салаларында түрлі кәсіптер бойынша кәсіби дағдыларды дамыту үшін тегін курстар саны үнемі артып келеді.

Бұдан бұрын хабарлағандай, Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.

Оқуға тікелей https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.

Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады.

Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.

Бұл сертификат Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші SKILLS.ENBEK.KZ-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көре алады.

2022 жылғы наурыздан бастап платформада қолданыстағы функционал оңтайландырылып, жаңа сервистер іске қосылғанын естеріңізге сала кетейік.

Атап айтқанда, курстарды іздеу жетілдірілді, сабақтардың түсінікті құрылымы жасалды, оқу процесін бақылау және курс авторларымен жылдам өзара әрекеттесу мүмкіндігі пайда болды.

Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрастырушы қолжетімді, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарау, сертификаттардың әртүрлі дизайны қарастырылған, сонымен қатар оқу құнын алдын-ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор бар.

Авторлар мен әзірлеушілерге арналған платформада онлайн курстарды орналастыру тегін. Курстар мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылуы мүмкін, ақпарат берудің әртүрлі форматтары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс. Ұсынылатын онлайн курстардың ұзақтығы 6-дан 144 сағатқа дейін. Платформаның ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігі бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Өзгелердің жаңалығы