«111 шұғыл қызмет» орталығына 5,8 мыңнан астам қоңырау түсті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Халыққа көмек» жобасы аясында Nur Otan Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің алаңында заңгерлермен, адвокаттармен, медиаторлармен және нотариустармен тегін консультативтік кездесулер ұйымдастырылды.
Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылдың қыркүйегінен бастап Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде отбасы, әйелдер және балалар құқықтары, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызмет» арнайы байланыс орталығы іске қосылды. Оған 5 айға жетпейтін уақыт ішінде 5,8 мыңнан астам қоңырау түсті.
Жалпы, өткен жылы Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне еліміз бойынша 393 мыңнан аса өтініш түсті. Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Бұл ретте соңғы 5 жылда партияға 1,2 млн адам жүгінді, оның ішінде 423 мыңнан астамы – онлайн форматта. Олардың 92% оң шешімін тапты, тегін консультативтік, құқықтық және өзге де көмек көрсетілді.
Пандемия жағдайын ескере отырып, азаматтарды қабылдау онлайн түрде жүзеге асырылады.
Заңгерлер – дүйсенбі сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін
Адвокаттар – сейсенбі және бейсенбі сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін
Медиаторлар – сәрсенбі және жұма сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін
Нотариустар – жұма сағат 15.00-ден 17.00-ге дейін.