110-180 мың теңге: Депутат мамандардың жалақысын өсіруді талап етті

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы әлеуметтік сала мамандарының жалақысын көтеруді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осы мәселеге қатысты депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдады.

Еліміздегі ерекше балалармен жұмыс істейтін, оларды емдейтін, жаттықтыратын, күн сайын жүздеген баланы арнайы мекемеде, кейбірін үйіне барып оқытатын мыңдаған маман бар. Олар әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейді. Бірақ ерекше баланы қатарға қосу үшін жанын салатын қызметкерлерге ерекше жағдай жасап, жұмыскерлерді жоғары жалақы алатындардың қатарына қосу қиямет-қайым қазір, - деп айтты Нартай Аралбайұлы.

Ол Астана қаласындағы “Жансая” әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болған. Онда 640 бала ем алады, оның 63-і кәмелет жасына жеткендер.

Ерекше балаларға ерекше жағдай жасауы тиіс орталықтағы 160 қызметкердің орташа жалақысы 180 мың теңге. Жұмыстың көбінесе жоғары эмоционалды және физикалық күш-жігерді қажет ететінін ескерсек бұл өте аз ақша. Салдарынан ешкім мұндай орталыққа қызметке келгісі келмейді, кадр тапшы. 2024 жылы 53 қызметкер жұмыстан кетсе, 2025 жылдың жарты жылдығында 28 қызметкер қызметтен кеткен. Жалақы көтерілмесе жағдай оңалмайды. Бұл бір ғана мысал, еліміздегі барлық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы жағдай дәл осындай, - дейді депутат.

Бас қаладағы “Шарапат” әлеуметтік қызмет көрсету орталығына да бас сұқтым, жұмыскерлердің жағдайы адам аярлықтай. Бір орталыққа 900 ата-әже қаралады. Ішінде бала-шағасы тастап кеткен ата-әжелерде бар, оларды көргенде жүрегің қан жылайды. Қамкөңіл қариялардың жағдайын жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 110 мың теңге. Салдарынан ол жаққа ешкім жұмысқа бармайды. Бұл еліміздегі барлық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына тән жағдай екенін еске саламын, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Ол мынадай ұсыныстар жасады:

1.Үкіметтің 1193 бұйрығын өзгертіп “Күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлердің, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттардың, орта медицина қызметкерлерінің (ЕДШ нұсқаушысы, массажист) (жалпы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің) жалақысын көтеру керек;

2. Әлеуметтік саладағы мамандарға 18 күнтізбелік күнге дейін (барлығы 48 күнтізбелік күн) қосымша демалыс енгізу қажет;

3. Денсаулық сақтау және әлеуметтік салада қызмет ететін педагогтарды білім беру жүйесіндегі педагогтармен теңестіру керек;

4. Үй жағдайында қызмет ететін күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттар мен бөлім меңгерушілеріне жұмыс уақытын аптасына 30 сағаттан аспайтындай етіп бекіту қажет;

5. Әлеуметтік қызметкерлер мен азаматтық қызметшілер үшін: төмен пайыздық мөлшерлемемен, бастапқы жарнасы төмен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды әзірлеп енгізу керек;

6. Әлеуметтік қызметкерлерді жалға берілетін тұрғын үйді алатындар тізіміне қосу қажет;

7. Әлеуметтік сала мен азаматтық қызмет саласы қызметкерлерін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу үшін басым санаттарға енгізу керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжіліс Баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы