11 жыл бойы өте үздік оқыған түлек «Алтын белгісіз» қалды
Ол конкурс арқылы Алматы қаласындағы «Тұран» университетінде төрт жыл тегін оқу мүмкіндігін ұтып алған.
Маңғыстауда мектеп түлегі Threads желісінде 11 жыл бойы «үздік» оқығанын, бірақ оған «Алтын белгі» берілмегенін жазды. Осының салдарынан оның «Тұран» университетінде төрт жыл тегін оқуға ұтып алған грантына да қауіп төнген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үміт Ершееваның жазбасы 12 мыңнан астам «лайк», мыңға жуық пікір және 240 репост жинады.
«Баршаңызға сәлем! Мен, Ершеева Үміт Романқызы, өте үлкен мәселеге тап болдым. Мектепте 11 жыл бойы «өте жақсыға», «5» деген бағаға оқып, өзіме тиесілі «Алтын белгіні» ала алмадым. Өйткені мектеп директоры мені «Алтын белгі» иегерлерінің қатарына қоспаған», - деп жазды ол.
Оның айтуынша, ол конкурс арқылы Алматы қаласындағы «Тұран» университетінде төрт жыл тегін оқу мүмкіндігін ұтып алған.
«Конкурс бойынша Алматы қаласындағы «Тұран» университетінде төрт жыл тегін оқу мүмкіндігін жеңіп алдым, бірақ өкінішке қарай, критерийлерде «Алтын белгі» расталған жағдайда ғана оқуға болатыны көрсетілген. Енді грант та жоқ, «Алтын белгі» де жоқ», - делінген жазбада.
Ол бұл туралы қалай білді?
BAQ.KZ тілшісімен әңгімесінде Үміт тізімде жоқ екенін қай уақытта білгенін айтып берді.
«Өзімді «Алтын белгіге» ұсынбағанын 18 маусымда білдім. Соңында маған қызыл аттестат тапсырды. Одан кейін аудандық білім бөліміне бардым. Онда маған «Алтын белгі» иегерлерінің арасында аты-жөніңіз жоқ деді», - дейді түлек.
Ауданға бармас бұрын түлек мектеп директоры Тоғжан Биссекеноваға кірген.
«Ауданға барар алдында мектеп директорына кіріп, табельдерімді жинадым. Ол маған: «Маған неге айтпадың, мен сені қайтадан ұсынар едім» деді. Мен: «Алғашында неге ұсынбадыңыз, сіз маған ҰБТ балыңды көтер, аз жинап жатырсың, жақсы жинасаң, кейін ұсынамыз дегеннен басқа ештеңе айтпадыңыз ғой» деп жауап бердім. Ол: «Мен саған ҰБТ балың төмен деп айтқан жоқпын» деді. Содан кейін: «Ал өзің неге жағдайыңды айтпадың, анаңның ауырып жүргенін білмедім» деп сөзді басқа арнаға бұрды», - дейді Үміт.
BAQ.KZ бұл мәселе бойынша мектепке және Маңғыстау аудандық білім бөліміне сұрау салды.
Қандай дәлелдер жинады?
Келесі күні түлек 3,5 мыңнан астам «лайк» жинаған екінші жазбасын жариялады.
«Менің барлық дәлелім бар! Табель 1-11 аралығындағы, осы уақытқа дейін жинаған дипломдарым, грант сертификаты барлығы бар! Тіпті бұл жағдайға қатысты директордың аудиожазбасы да бар!», - деп жазды ол.
Бойжеткен оқиғаны неліктен көпшілікке жария еткенін түсіндірді.
«Өзіме сенімді болғандықтан, бәрінің дұрыс-бұрыстығын зерттеп алғаннан кейін ғана осылай шығып отырмын. Сіздерден тек қолдау ғана керек! Өмірім сынақтан тұрса да, құласам да ешкімге жалынған емеспін, тек өзіме тиесілі «Алтын белгімді» алғым келеді, әділеттілік орнағанын қалаймын», - делінген екінші жазбада.
Аудандық әкімдік чатында не жазылды?
Кейін Ершеева Маңғыстау ауданы әкімдігінің чатынан алынған скриншотты жариялады.
«Оқу жылының басынан бері мектеп тарапынан оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне ұсынылмаған. Білім бөлімі жанынан комиссия құрылып, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа ала отырып, Н. Жұбаев атындағы мектептің бітірушісі Ү. Ершееваның 5-11 сыныптар аралығындағы құжаттарының сәйкестігіне мониторинг жүргізді. Комиссия шешімімен «Алтын белгі» берілетін болады», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ онда мектеп директорының еңбек демалысында екені, ол демалыстан шыққан соң оған қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданатыны көрсетілген.
Астанаға барғаннан кейінгі жазбаларының бірінде түлек Оқу-ағарту министрлігінде болғанын хабарлады.
«Қайырлы күн! Бүгін Астана қаласындағы Оқу-ағарту министрлігінде болдым, іс алға жылжыды. Құқығым қорғалып, «Алтын белгі» берілетіні туралы жақсы жаңалық келді. Ертең, Алла қаласа, ауылыма қайтамын, қолым «Алтын белгіге» жеткенше қолдауларыңызды аямаңыздар», - деп жазды ол.
Білім басқармасы не деді?
BAQ.KZ Маңғыстау облыстық білім басқармасына сұрау салды.
«Маңғыстау облысының білім басқармасы азаматша Үміт Романқызының өтініші бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, Маңғыстау аудандық білім бөліміне нақты тапсырмалар берілгенін хабарлайды. Аудандық білім бөлімі жүргізген жұмыс нәтижесі бойынша 2026 жылғы 10 тамызда азаматшаның өтініші толығымен қанағаттандырылады. Мәселені түпкілікті шешу үшін өтініш білдірушіге Шетпе ауылында орналасқан Маңғыстау аудандық білім бөліміне хабарласу ұсынылады. Сонымен бірге орын алған жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданады», - делінген ведомство жауабында.
Университетте не айтты?
Түлек «Тұран» университетімен де хабарласқан.
«Мен «Тұран» университетімен сөйлестім. Маған сертификатта көрсетілген мерзімге дейін құжат тапсыруға болатынын айтты. Сертификатты міндетті түрде ала келуді уәде етті», - деді Үміт.
Білім басқармасының жауабына сәйкес, түлектің өтініші 10 тамызда толығымен қанағаттандырылуы тиіс еді. BAQ.KZ тілшісімен сөйлескен сәтте Үміт «Алтын белгіні» әлі қолына алмаған болатын. Оның айтуынша, университетке құжат тапсыру мерзімі әлі аяқталған жоқ.
«Болашақтағы мақсатым - «Тұран» университетіне түсіп, грантта оқу. Төрт жылда мамандығымды толық меңгеріп, халыққа пайдасы тиетін азамат болу. Бакалавриатпен шектелгім келмейді, күш-қуатым жетсе, магистратурада да білім алғым келеді. Сонымен бірге басты мақсаттарымның бірі - марқұм әкемнің арманын орындау», - деді Үміт.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда екі түлек дау болған «Алтын белгіні» сотпен қайтарып алды.