Бірінші кезең аяқталды: Премьер-лиганың 11-турына шолу
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Футболдан премьер-лиганың бірінші кезеңі аяқталды. «Астана» 11 ойынның үшеуінде ұтылды. Бұл жолы өз алаңында «Шахтерге» есе жіберді. Ел чемпионынан екі ойыны кем «Қайсар» мен «Тобылдың» бірінші орынға көтерілуге керемет мүмкіндігі бар.
«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Қайсар» (Қызылорда) – 1:2
Голдар: Барсегян, 10 (0:1). Алмейда, 37 (1:1).Джон, 74 (1:2).
«Қайсардың» чемпион «Астанадан» 2 ойыны кем. Егер сол екі ойынды ұтатын болса, бірінші орынға көтеріле алады.
Қызылорда командасы бұл жолы «Оқжетпеспен» кездесті. Андрей Карпович жаттықтыратын Көкшетау футболшылары да соңғы кездері қарқын ала бастаған.
Матчтың 10-минутында Тигран Барсегян «Қайсарды» алға шығарды. Алайда, алаң иелері үзіліске дейін таразы басын теңестіріп үлгерді. Көзге түскен – Данило Алмейда.
Екінші таймда «Қайсар» футболшылары белсенді болды. Жиі шабуылдап, өз дегендеріне ақыры жетіп тынды. Джошуа Джон соққан голдың арқасында үш ұпайға қол жеткізді.
«Тобыл» (Қостанай) – «Атырау» (Атырау) – 3:0
Голдар: Федин, 44 (1:0). Жулпа, 53 (2:0). Валиуллин, 90+3 (3:0).
Қостанайдың «Тобылына» Қызылордадағы ірі жеңілістен кейін есе жинау керек еді. Сол ойларына жүзеге асыруға қарсыласы да дәл келді. Жаңа бапкер келгенімен, «Атырауды» аяғынан тұрып кетті деуге әлі ерте.
«Мұнайлы» өлкенің командасы алаң иелеріне бірінші таймда біраз қарсылық танытқанымен, бәрібір де қақпаларына үш гол жіберіп алды.
«Тобыл» осы жеңісінің арқасында үшінші орнын сақтап қалды. Негізі, ұпай саны жөнінен екінші орындағы «Қайсармен» бірдей.
«Жетісу» (Талдықорған) –«Актөбе» (Ақтөбе) – 1:1
Голдар: Жақсылыков, 44 (1:0). Айымбетов, 76 (1:1).
«Жетісу» соңғы 2 турда бәсеңдеп қалғандай. Бірақ команданың ойыны жаман емес. Соған қарамастан тағы да ұпай жоғалтты. Бұл жолы көш соңындағы «Ақтөбеден» ұпай жоғалтты. Әрине, Александр Седнев шәкірттері үшін жоғалтатын ештеңе жоқ. Сондықтан қай ойында болмасын барын салуға тырысады.
Алаң иелері бірінші таймның соңында есепті ашқан. Қарсыластың қақпашысының өрескел қателігінен кейін Айбар Жақсылықов «Жетісуды» алға шығарған болатын.
Огайдың командасы екінші таймда допты әрі-бері ұстап ұзақ жүріп алды. Бәлкім, осы есепті ұстап қаламыз деп ойласа керек. Оның жазасын Абат Айымбетов берді. Қорытынды есеп – 1:1.
«Ақтөбе» ойыншысы Абат Айымбетов биылғы маусымдағы бесінші голын соқты. Бұған дейін маусымдарда 23 жастағы шабуылшы бір маусымда 4 голдан аспаған.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Тараз» (Тараз) – 3:0
Голдар: Жаңғылышбай, 7 (1:0). Жоао Пауло, 24 (2:0). Махлангу, 90 (3:0).
«Ордабасы» үшін «Тараз» биыл қолайлы қарсылас болып тұр. Кубокта да жеңген, бұл жолы чемпионатта да оңай ұтты.
Шымкенттіктер мәселені бірінші таймда-ақ шешіп тастады. Алдымен, 7 минутта сол қапталдан Жоао Паулоның берген добын шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай тиімді пайдаланып кетті. Қарағанды футболының түлегі осы маусымдағы төртінші голын кіргізді. Сосын Паулоның өзі де мергендік танытты. Ал екінші таймның соңында матчтың нүктесін Май Махлангу қойды.
«Қайрат» (Алматы) – «Ertis» (Павлодар) – 2:1
Голдар: Эсеола, 6 (1:0), Каньяс, 34 (1:1), Эсеола, 41 (2:1).
«Қайраттың» сәтсіз сериясы бес матчқа дейін жалғасып еді. Осы жолы Павлодардың «Ертіс» клубын жеңіп, аз да болсын естерін жинады.
Аутсайдер командаларға қарсы гол соғуды қатыратын украиналық шабуылшы Адеринсола Эсеола дубльдің авторы атанды. «Ертіс» сапынан бір голды Рохер Каньяс кіргізді.
Павлодар клубының басшылығы әзірге жаңа бас бапкер әкелуге асығар емес. Димитар Димитровты кетірген соң, бұл міндетті қақпашылардың жаттықтырушысы Сергей Климов атқарып жүр.
«Осындай жеңілістен кейін бірдеңе айтудың өзі қиын. Арада екі күннен кейін тағы матч бар. Жарақат алған ойыншылар өте көп. «Қайрат» бүгін бізден аздап басым ойнады. Бізде де гол соғатын мүмкіндіктер болған. Басқа айтарым жоқ», - деді Сергей Климов.
Оның айтуынша, маусым басында команда үштікке кіруді жоспарлаған екен. Бәрін түзеуге әлі де уақыт бар деп санайды. Ал Димитар Димитровқа қатысты дау-дамайға байланысты сұраққа «Мен ешқандай қауесетке» сенбеймін деп жауап берді.
«Астана» (Нұр-Сұлтан) – «Шахтер» (Қарағанды) – 1:2
Голдар: Мұртазаев, 35 (1:0). Шахметов, 78-пенальтиден (1:1). Зенев, 87 (1:2).
«Астананың» өзінен деңгейі төмен командаларға ұтылатынына осы маусымда көзіміз үйрене бастады. Бұған дейін қатарынан екі ойында «Ертіс» пен «Тараздан» ұтылған. Осы жолы көрші облыстан келген «Шахтерге» үш ұпай ұстатты.
Қарағанды командасы үшін «Астана-Арена» үйреншікті стадион. Маусым басынан бері өз алаңындағы барлық ойынды осында өткізіп жүр.
Матчтағы есепті бірінші таймда Роман Мұртазаев ашқан. Ұлттық құрама шабуылшысы негізі Қарағанды футболының түлегі, кезінде осы «Шахтерде» бірнеше маусым ойнаған. Сондықтан гол соққаннан кейін тойлаған жоқ.
Мұртазаевтың алдында «Шахтердің» угандалық шабуылшысы Кизито Лувагидың голын қапталдағы төреші офсайд деп санамады.
Ойынның соңғы жағында Қарағанды командасы оянып, жеңісті жұлып әкетті. Алдымен, үзілістен кейін алаңға шыққан Жан-Әли Пайруз командасының пайдасына пенальти алып келді. 11 метрлік нүктеге жақындаған Марат Шахметов бұл пенальтиді сәтті орындады. Сосын 87-минутта эстониялық шабуылшы Сергей Зенев «Шахтерге» үш ұпай сыйлады.
Былтыр да мамыр айында «кеншілер» «Астананы» ұтып, содан кейін бірнеше ойын қатарынан жеңістің не екенін ұмытып кеткен болатын. Биыл ондай болмайтын шығар деп ойлаймыз.