БЖЗҚ-дағы қаржы 11 триллион теңгеден асты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның аса маңызды қаржы институттарының бірі "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-ның зейнетақы активтері 2020 жылдың алғашқы екі айында 283 миллиард теңгеге ұлғайды.
Осылайша азаматтардың зейнетақы жинақтары 11 триллионнан асып, екі айдағы өсім 3% жетті.
Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары бойынша қалыптасты және соңғы 12 айда 17%-ға ұлғайып, 10,8 трлн теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 257 млрд теңге (өсім 25%), ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 2 млрд теңгеге (өсім 6%) жуық – делінген БЖЗҚ АҚ-ның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, БЖЗҚ АҚ жарналарының барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны - 10 498 852-ге (ЖСН жоқ, деректемелері толық емес техникалық шарттарды есепке алмағанда) жетті.
Өткен жылдың наурыз айынан бастап өсім 3%. ЖЗШ-лардың басым бөлігін міндетті зейнетақы жарналары – 9,9 млн (өсім 3%), одан кейін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – 514 мың шотты (өсім 6%) құрады. Ең үлкен өсім ерікті зейнетақы жарналары бойынша байқалды, 2020 жылдың 1 наурызына БЖЗҚ-да ЕЗЖ бойынша 55 221 шот болды, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 12% жоғары – дейді мамандар.
Осы орайда БЖЗҚ-ның техникалық шарттар бойынша жұмысын атап өту маңызды.
Бұған сәйкестендірілмеген салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-лары жатады. Мұндай шоттарда жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ, сондай-ақ тегі, аты, әкесінің аты мен туған күні бойынша қате деректемелер көрсетілген (ЖСН жоқ ЖЗШ). 2019 жылғы 1 наурыздан бастап 2020 жылғы 1 наурызға дейін БЖЗҚ қызметкерлері осындай 20 мыңнан астам шотты анықтап, олардың жалпы санын 11% қысқартуға қол жеткізді. Осылайша биыл 1 наурызына БЖЗҚ-да 186,8 мың техникалық шарт қалып отыр – дейді БЖЗҚ мамандары.
Салымшылардың (алушылардың) МЗЖ бойынша жеке зейнетақы шоттарындағы орташа жинақ көлемі (техникалық шарттарды есепке алмағанда) 1,11 млн.теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12% жоғары.
2020 жылдың алғашқы 2 айында салымшылардың шоттарына жалпы көлемі 175,2 млрд. теңге зейнетақы жарналары түсті, бұл 2019 жылдың алғашқы 2 айындағы көрсеткіштен 20% артық. Төлемдер 32,1 млрд.теңгені құрады, олардың басым бөлігі жасына байланысты (12,2 млрд. теңге), ҚР шегінен тыс жерлерге ТТЖ-ға кету бойынша (8,4 млрд. теңге), сақтандыру ұйымдарына аударымдар (5,4 млрд. теңге), мұрагерлерге (5,2 млрд. теңге) берілген төлемдерден тұрады. Салымшылардың (алушылардың) шоттарына аударылған таза инвестициялық кіріс 139,9 млрд.теңге мөлшерінде есепке алынды.