11-сынып оқушысы "тәрбиелік" соққыдан кейін қайтыс болды: Сот үкім шығарды
Маңғыстау облысында 11-сынып оқушысының соққыдан қаза табуы ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл көктемде Бейнеу ауданының Ақжігіт ауылында сотталушы 11-сынып оқушыларын кездесуге шақырған. Ол болмашы нәрсені себеп қылып, оларды "тәрбиелеу мақсатында" бір қатарға тұрғызған. Кәмелетке толмаған екі оқушыны жұдырықпен кеуде тұстарынан ұрған.
Соққы салдарынан зардап шеккен жасөспірімнің бірін дәрігерлік пунктке жеткізген. Ол алған соққы салдарынан өз-өзіне келместен, қайтыс болған. Сотталушының кінәсі оқиға орнын қарау хаттамасымен, жәбірленушінің және оның өкілінің айғақтарымен, куәгерлердің жауаптарымен, сотталушыдан алынған жауаппен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен, сарапшыны сұрау хаттамасымен және қылмыстық істің өзге де материалдарымен дәлелденді, – делінген хабарламада.
Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындамады.
Сот оны кәмелетке толмағанға қатысты бұзақылық ниетпен күш қолданғаны және абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын салғаны үшін кінәлі деп таныды. Ер адамға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сәуір айында марқұмның туыстары баланың отбасындағы жалғыз перзент екенін, университетке түсуге дайындалып жүргенін айтқан.
Достарының айтуынша, оларды біреудің қорасын тазалауға мәжбүрлеген, алайда ол келіспеген. Осы жайт жанжалға себеп болған.
Еске салайық, бұған дейін "тәрбиелеу мақсатында ұрдым" деп жасөспірімге қол көтерген зейнеткер жазаланғанын жазған едік.