11 мыңнан астам бала арнаулы әлеуметтік қызмет алады
ОКҚ-да балалардың құқықтарына қатысты өткен дөңгелек үстелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Ғалия Жабагина мүгедектігі бар адамдарды, оның ішінде балаларды әлеуметтік оңалтуға бағытталған шараларды жетілдіру туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде балалар, көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін ескере отырып, протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, ымдау тілі мамандарымен (60-тан астам атаулар) қамтамасыз етіледі.
Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарға 400 мыңға жуық тауарлар мен қызметтер ұсынылады. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 45 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Қазіргі уақытта елімізде 11 мыңнан астам бала қызмет алатын 151 үйде әлеуметтік көмек бөлімшесі жұмыс істейді. Жартылай стационарлық және үйде қызмет көрсететін мемлекеттік ұйымдармен қатар 10 мыңнан астам адамға, оның ішінде 5 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға арналған 182 үкіметтік емес ұйым АӘҚ ұсынады, - деді Еңбекмині өкілі.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2021-2025 жылдарға еліміздің 12 өңірінде 150 орындық оңалту орталықтарын салуды жоспарлады. 2023 жылы оңалту орталықтары Абай облысы Семей қаласында және Жамбыл облысы Тараз қаласында ашылды.
Бұдан басқа, «Қамқорлық» бастамасы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен аутизм спектрі бұзылған және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 8 күндізгі болу орталығын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнде Талдықорған, Тараз, Өскемен, Қостанай, Павлодар және Шымкент қалаларында 700-ге жуық балаға қызмет көрсетіледі.
Биыл шілдеден бастап АӘҚ жүйесін жаңғырту шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін жеке секторды тарта отырып, жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін енгізу көзделіп отыр. Пилоттық жоба аясында тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық бұзылулары бар балалардың АӘҚ қамту жоспарланып отыр. Бұл бәсекелестік жағдайында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдар мен отбасыларды қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді, – деп түйіндеді Ғалия Жабагина.