11 баласы бар келіншек көпбалалы болудан қорықпауға шақырды

Ақтөбеде 11-ші сәбиін дүниеге әкелген ана жастарды көпбалалы болудан қорықпауға шақырып, отбасындағы бала тәрбиесі жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

39 жастағы келіншек Мнаура Мұқтарова кеше облыстық перинаталды орталықтан үйіне  шықты. Қазір ананың да, сәбидің де денсаулығы қалыпты.
Шаңырағына аман-есен оралып, балаларымен қауышқан келіншектің қуанышында шек жоқ. 

Ертең, 8 наурызда 40-қа толамын. Өзімнің туған күніме тосынсый қып, тағы бір атұстарды туып алдым. Аллаға шүкір, ұлдарым да, қыздарым да бар. Ақтөбе жұртшылығы құрмет көрсетіп, құттықтап жатыр. Барлық тілектес жанға алғысым шексіз, - дейді ол.

Мнаураның мамандығы — мұғалім. Қазір бала тәрбиесімен үйде отыр. Екі жыл бұрын егіз балаларын дүниеге әкелген. Жұбайы Айдын Құдайбергенов те көп балалы отбасынан шыққан екен. Қазір ол жеке фирмада жүргізуші болып жұмыс істейді. Ал өзі үш ағайынды. 23 жасында тұрмысқа шығыпты. Оның өмірдегі басты арманы көп балалы ана болу екен. Арманына жеткен келіншек жастар көп балалы отбасы болудан қорықпау керектігін, әр баланың өз несібесі болатынын жеткізді.  

Жас аналар дүниеге бала әкелуден қорықпау керек. Ата-аналарға айтарым — әр баланың өз несібесі бар, құт-берекесі болады. Сондықтан жас келіншектер бала туып, бағудан қашпауы керек. Ал тәрбие беруде ең бастысы баланы кішкентайынан үйрету керек, отбасында әке тарапынан тәрбие қатал болуға тиіс. Біздің үйде жолдасымның айтқаны — заң. Балалар сыртқа әкесінің сұранып шығады. Өзім ана ретінде қыздардың тәрбиесіне ерекше мән беремін, - дейді Мнаура.

Көп балалы отбасы 10 жыл бұрын баспана кезегіне тұрған. Былтыр мемлекеттен Есет батыр тұрғын алабынан 4 бөлмелі пәтер беріліпті. Қазір сонда тұрып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Отбасының жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы