11 баланы тәрбиелеп отырған ана Үкіметке ұсыныс айтты

Отбасындағы ұрыс-керіс күнкөрістің нашарлығынан шығады. Мұндай пікірді көпбалалы ана Нұргүл Қадырбаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін сарапшылар мен саясаттанушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» атты сұхбатын талқылады. Олардың арасында көпбалалы ана Нұргүл Қадырбаева да бар.

Ол 11 баланы тәрбиелеп отырған «алтын алқа» иегері. Нұргүл Қадырбаева 6 қыз және 5 ұлдың анасы. Отандасымыз ізгілікті қоғамды құру үшін жұмыла әрекет ету керегін атап өтті.

Президентіміз «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында алға қарауымыз керегін айтты. Өзім 11 баланы тәрбиелеп отырмыз. Егеменді ел болғанымызға 30 жылдан асты. Адам баласы сапалы өмір сүруі үшін ең алдымен денсаулық, білім, күнкөріс болуы керек. Жаңалықтарды естіп, қуанып жатырмыз. Мысалы 18 жасқа дейін балаларымызға көмек көрсетіледі. Оған әрине қуанамыз, - дейді көпбалалы ана.

Қадырбаеваның ойынша, болашағына сенімді болу үшін әр азамат отбасында толыққанды тәрбие алуы керек.

Жоғары жаққа айтатын ұсыныстарымыз көп. Оны айтып та жүрміз. Әрбір отбасында от күнкөрістің нашарлығынан шығады деп ойлаймын. Оның ішінде қазір қоғамымызда руханисыздық болып жатыр. Үкімет әке мен баланың арасындағыдай шындықты айтса дейміз. Мысалы бүгін мынадай болады, ертең осындай болады, ең төменгі жәрдемақы осындай болады деп ескертіп отырса. Сол кезде әр азамат ертең қайда баратынын, неге сенуге болатынын біліп отырады. Бізді осы дүние қатты ойландырады, - деп ұсынысын айтты ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы