11 баланың анасы бақытты өмір сүрудің құпиясымен бөлісті

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Ана. Небәрі үш әріптен тұрса да құшағына бүкіл әлемді сыйдыра алатын күшке ие. Оның аялы алақаны мен кең жүрегі әлемнің барлық баласы сыяды. Қарағандылық Рымкеш Орынбаева 11 баланың анасы. Бүгінде 67-ге аяқ басқан алтын құрсақты ана сегіз ұл мен үш қызды өмірге әкелген.

Қарағандының Жаңаарқа ауданы, Байғұл ауылының тумасы Рымкеш Орынбайқызы барлық өмірін бала тәрбиесіне арнаған жан. Бүгінде жолдасы Жанжол Тәжікеев екеуі өздерінен тараған балаларынан бірнеше немере көріп отырған ақсақалды ата мен ақ жаулықты әже.

«Тұрмысқа 18 жасымда шықтым. Алланың бергені ғой, 11 балам бар. Тәубе, бәрі де ер жетіп, өмірден өз орындарын тапты. Жастайымнан ата-ененің қолында тұрдық, ененің тәрбиесін көрдік. Сырқат атам мен қайнымды бақтым, оларды ақтық сапарға шығарып салдым. Өмірдің ащысы мен тұщысын да көрдік. Шаршауды білмедік, тек алға ұмтылдық. Соған орай ешкімнен кем болмадық. Ең бастысы балаларға жақсы тәрбие беруге тырыстық. Оларды бауырмал болуға, ешкімнің ала жібін аттамауға тәрбиеледік», - дейді Рымкеш Орынбайқызы.

Ауыл-аймаққа, құда-жекжатқа сыйлы жандар бақытты өмір сүруінің де өзіндік құпиясы бар екендігін айтады.

«Бақытты өмір сүрудің құпиясы, балалардың бауырмалдылығын, бір-біріне деген сыйластығын көру керек. Қазақ айтады емес пе, «Е, құдай бала бер, бала берсең – сана бер, сана бермесең ала бер» деп. Аллаға тәубе, балаларымның барлығы бауырмал. Ұлдарым өте еңбекқор. Олар жер қайыстырар қол іспеттес, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда» алынбайтын қамал қалмайды. Бірі үшін бірі отқа да, суға да түсуге әзір. Аллаға мың да бір шүкірлік деймін. Жәкең екеумізден тараған ұрпақ бір рулы елге айналса өмірдің бар қуанышы, бақыты сол емес пе?», - дейді батыр ана.

Жанжол ата мен Рымкеш әжеден тараған ұрпақ бүгінде өсіп-өнген. Барлығы да өз таңдауларымен мамандықтарын иеленіп, қазірде түрлі салада еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүр.

Алтын құрсақты ана он бір балаға ғана емес келіндеріне де ана бола білген жан. Келіні Маржан енесінің ерекше қонақжай екендігін айтады.

«Өз анам өмірден ерте өткен. Осы шаңыраққа келін болғаныма он бес жылдың жүзі болды. Енемнің тәрбиесін көріп келемін. Ол кісінің осы уақыт аралығында бірде-бір рет дауыс көтергенін естімеппін. Балаларына ақылын байыппен, майда қоңыр даусымен жеткізеді. Енем осы үйдің алтын діңгегі іспеттес. Әулетімізге шуағын шашып отырады. Оның үстіне өте қонақжай жан. Енемнің қолынан бүкіл Жаңаарқа, Қаражал жұрты дәм татқан болар», - дейді Маржан келін.

Рымкеш Орынбаева бүгінгі жас отбасыларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қомқорлықтың үлкен екендігін тілге тиек етті.

«Біз баланы өзіміз үшін таптық. Мемлекеттен үй бер, мал бер деп сұрамадық. Ал қазір Елбасымыз көп балалы отбасыларға барлық жағдайды жасап отыр деп ойлаймын. Жас отбасылардың баспаналы болуына, балалардың сапалы білім алып, еліміздің маңдай алды азаматтарына айналуына барлық мүмкіндік бар. Сондықтан да осы қамқорлықты, қолдауды сезінетін жастарға айтарым, бала табыдан қашпаңдар, әр баланың өз несібесі бар. Оның үстіне көп балалы үйдің балалары бауырмал болады», - дейді аяулы ана.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы