Қазақстанда құрылған 106-шы атты әскер Харьков түбінде түгелдей қаза тапқан – тарихшы
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 1941 жылы соғыс басталғанда Кеңес одағының құрамында 6 млн 303 мың әскер бар болса, соның 3 млн 300 мыңы Еуропалық бөлігінде болды. Соғыс басталған 4 айдың ішінде 1 млн 998 мың адам тұтқынға түскен. Бұл туралы тарихшы Қайдар Алдажұманов «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар» атты конференция барысында айтты.
Тарихшының айтуынша, Ұлы Отан соғысы аяқталғанына қанша жыл өтсе де тарихтың ақтаңғақ беттерінің көбі әлі ашылған жоқ. Әсіресе, Қазақстандағы ұлттық әскери құрамалар төңірегіндегі материалдар әлі қолжетімсіз күйінде қалып отыр.
«Ресей Қорғаныс министрлігінің архивіне бару үшін әрең дегенде жақында рұқсат алдық. Ал өзіміздің Орталық мемлекеттік архивте Қазақ әскери комиссариаты деген мекеме болған. Соғыс кезінде Қазақстаннан шақырылған адамдарды әрбір аудан бойынша есептеген. Соның материалдары әлі күнге дейін жабық. Әскери ұлттық құрамалар 1941 жылы күзде жасақталған. Бұған дейін бұл тақырыпты зерттегендер көбінде 100-ші дивизияны ғана айтатын. Онда Мәншүк соғысқан. Қалғандары жабық болды ма, олар туралы материалдар жазылған жоқ. Мәселен, 106-шы атты әскери дивизия майданға аттанғаннан кейін 3 күннен соң Харьковтың түбінде соғысқа қатысып, 4400 адам түгелдей сол жерде қаза тапқан. Мұндай деректерді жазуға бұрын мүмкіншілік берілген жоқ», - деді ол.
Сонымен қатар ол, Ұлттық жасақтардың құрылуы себебіне тоқталып өтті. 1941 жылы соғыс басталғанда Кеңес одағының құрамында 6 млн 303 мың әскер бар болса, соның 3 млн 300 мыңы Еуропалық бөлігінде болған. Соғыс басталған 4 айдың ішінде Кеңес әскерлерінен 1 млн 998 мың адам тұтқынға түскен екен.
«Бұл қаза тапқандардан бөлек, ресми есепке кіргендері. Ал, қоршауда болып, кейін хабарсыз кеткендер жайлы соңғы кезде тарихшыларымыз санап, айтып жүр. 1942 жылы 1 млн 339 мың адам тұтқынға түскен. 1943 жылы 487 мың адам, ал 1945 жылы 28 мың адам жау құрсауында қалған. Сондықтан соғыстың алғашқы кезінде ойсырай жеңілген Қызыл армияға Ұлттық Республикалардағы адамдарды тарту үшін 1941 жылы 13 қарашада Кеңес мемлекеттік қорғаныс комитеті бұйрық шығарды. Онда Шығыс Республикалары, оның ішінде Башкұртстан, Қалмақ Республикасы, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстанды, арғысы Бурият, Моңғолияға дейін соғысқа әскер жинау қажеттігі айтылады», - деді Қайдар Алдажұманов.
Сондай-ақ, осы Шығыс республикаларына Ұлттық әскери атқыштар бригадасы, атты әскер дивизиялары құрылсын деген тапсырма берілген екен.
«Қазақстанда 3 атты әскер дивизиясы құрылған, Жамбыл қаласында 105-ші, Ақмола қаласында 106-шы және Өскемен қаласында 96-шы атты дивизия құрылды. Одан басқа екі атқыштар бригадасы болды, 100-ші бригада Алматыда құрылды, ал 101-ші бригада Ақтөбе қаласында жасақталды. Мұның барлығы Ұлттық әскери құрылым болғандықтан, өз Республикамыздың бюджеті есебінен құрылды», - деді ол.
Сөз арасында ол, соғыс кезінде адамдарға азық-түлік карточка арқылы берілгенін жеткізді.
«Бұл тәртіп 1941 жылы шілде айында Республикадағы поселка, қалалы жерлерде енгізілді, ауылда жер телімі, малы бар деп оларға бермеді. Соғыс кезінде Қазақстанда 2 млн-дай адам сол карточка жүйесімен өмір сүрген екен. Оның бір ерекшелігі, ауыр жұмыстағыларға жоғары нормада, қызметкерлерге және балаларға өз нормасына қарай азық берілген. Яғни, әрбір отбасыға қолжетімді бағамен азық берген, солай көпшілігі аман қалған», - деді тарихшы.
Бұған дейін саясаттанушы Сайын Борбасов фашизмнің не екенін білмейтін ұрпақ өсіп келе жатқаны туралы айтқан болатын.