102 жастағы зейнеткер пәтер үшін туыстарымен соттасып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейдің Саратов облысында 102 жастағы қарт әйел туыстарына шағымданып сотқа арыз жазды. Айтуынша, олар зейнеткердің тұрғын үйін заңсыз иемденіп алған. Бұл туралы lenta.ru басылымы жазды.

Зейнеткердің қорғаушысы Владимир Герасимовтің агенттікке хабарлауынша, 2015 жылы ол кезде 98 жаста болған қарт Красный Кут қаласынан этникалық немістерді қолдаудың арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы екі бөлмелі пәтер алған. Бірақ ол үйде өзі тұрмаған. Ол пәтерді күйеу баласының атына аударады, ал күйеу баласы әйеліне (зейнеткердің қызына – ред.) сыйлайды.

«Сотта біз әженің өз әрекеттеріне есеп бермегенін және пәтерді басқа біреудің атына аудару заңсыз екенін дәлелдеп отырмыз», - деді заңгер. 

Қорғаушы ол кезде әйелдің көзі нашар көргенін және «ойлау қабілетінің бұзылғанын» алға тартып отыр.

Герасимов сотта қарт әйелдің баласының «қалауын» қорғайды. Ұл – зейнеткердің тікелей мұрагері. Ер адам анасының пәтері болғанын және оны қайтыс болған қызының күйеуі «алып алғанын» білмеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы