«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы жаңа агенттік құруды ұсынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазының бірі - ақын, аудармашы Қажытаев Серікжан. Ол 4 жылдың ішінде 7 кітапты қазақ тіліне аударған.
Әлем тілдерін үйрену, кітап оқу – хоббиім. Осы қызығушылықтарым мені әдебиет әлеміне алып келді. Төрт жылдың ішінде қазақ тіліне 7 кітап аудардым. Аударған шығармаларымның көбі орыс тілінде, алайда қазіргі күні ағылшын тілінен Дэниел Киздің «Элджернонға арналған гүлдер» шығармасын аударып жатырмын. Алғашында менде «Мына баланың жазғаны кімге керек? Мұның ойы кімге керек?» деген қорқыныш болды, - дейді жоба жеңімпазы.
Ол табандылығының арқасында бүгінгі жетістіктеріне қол жеткізіп отыр.
Қазір елімізде өз қаламгерлерімізге қарағанда шетелдік жазушылар аса басым танымал. Оның басты бір себебі – жазғандары үлкен мәселе көтермесе де, әдеби агенттердің арқасында миллиондап тираждалып жатыр. Шешілмейтін мәселе жоқ. Осы мәселенің шешімі - елімізде туындылардың сапасын бағалайтын агенттік құру, - деп айтты Қажытаев Серікжан.
Оның сөзінше, Қазақстанда бірнеше әдеби агенттік бар. Бірақ олар өз компанияларына қарапайым баспа ретінде қарайды. Ал оған шетелде бизнес ретінде асқан жауапкершілікпен қарайды.
Мысалы, әлемде ең көп тиражбен таралған «Гарри Поттер» кітабын аса танымалдыққа жеткізген - әдеби агенттіктер. Біздің елге де осындай тәжірибе қажет. Ол үшін жарнама саласы мен әдеби агенттермен бірлесіп жұмыс атқаруымыз керек. Жыл сайын елімізде көптеген кітап басылып, шығып жатыр. Өкінішке қарай, олардың сапасы мен мазмұны көңіл көншітпейді. Әдеби агенттікті құру баспалар арасындағы бәсекелестік пен авторлардың сапалы жұмыс істеуіне алып келеді, - дейді ақын.
Ол жас қазақстандықтарды елдің келешегі үшін аянбай еңбек етуге шақырды.