"100 жаңа есім" жобасының жаңа маусымы басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Қазақстанның 100 жаңа есімі" республикалық жобасының үшінші маусымы басталды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты.
"Біз бүгін "100 жаңа есім" жобасының үшінші кезеңін бастайық деп отырмыз. Бұл жоба Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Аталған жоба қоғам дамуына үлкен ықпалын тигізіп келе жатыр. Сондықтан біз оны жалғастыруға бел будық. Жоба ел дамуына оң ықпалын тигізген азаматтарды насихаттау, елімізді солардың жұмыстарымен таныстыру мақсатын көздейді. Екі жылдың ішінде жобаға 5 мыңға жуық адам қатысты. Екі миллионға жуық дауыс берілді. Осы дауыстарды жоба аясында қазақстандықтар берді. 130 азамат "100 жаңа есім" жобасына ілінді", - деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, үшінші маусым осы жылдың соңына дейін өткізіледі. Ал қазылар алқасының құрамында еліміздің танымал азаматтары болады.
Баспасөз мәслихатында өтінімдердің 1-20 қазан аралығында қабылданатыны белгілі болды. Өтінімдер жобаның 100janaesim.ruh.kz атты жаңа ресми сайты арқылы қабылданады. Бұл сайтта жобаның алдыңғы маусымдары жайлы да толық ақпарат жинақталған. Ал 5 қарашада онлайн дауыс беру басталады. Қазылар алқасы да жеңімпазды анықтау жұмысына қатысады. Жеңімпаздар желтоқсанда анықталады.
Атап өтсек, 2017 жылдан бастап "100 жаңа есім" жобасы қазақстандықтарға еліміздің түкпір-түкпірінен келген отандастарымыздың түрлі саладағы жетістіктерін паш етіп келеді.