«100 жаңа есім»: Елде мүмкіндігі шектеулі бала аз болса деймін – Латиф Парпиев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының төртінші кезеңінің жеңімпаздарымен кездесті. Олардың бірі - «Жаңа туған нәрестелерді ерте оңалту» жобасының негізін қалаушы, балалар реабилитологы Латиф Парпиев.
Ол қозғалысында кәніраттары бар балаларды оңалтумен төрт жылдан бері айналысып келеді.
Өзінің айтуынша, мұндай балаларға ерте жастан көмек көрсету жақсы нәтиже береді. Оның «Реанимация жағдайында балалардың ерте диагностикасы», «Жаңа туған сәбилер патология жағдайында балалардың ерте диагностикасы», «Ата-аналар мектебі» атты жобаларының аясында екі мыңнан астам түрлі патологиясы бар балаларға көмек көрсетілді.
Бұдан бөлек, ол өз білгенімен бөлісу мақсатында еліміздің өңірлерін аралап, неонатолог дәрігерлерді жаңа туған сәбилер мен екі жасқа дейінгі балаларды оңалтудың қыр-сырына үйретеді. Мастер класстар өткізеді. Тегін, өз қаражатына.
Ондағы мақсатым, елімізде мүмкіндігі шектеулі балалардың санын төмендету, олардың өмір сапасын жақсарту. Кейде маған аймақтардан ата-аналар хабарласып жатады. Оларға оңалту шаралары туралы бейне жазбаларды жолдау арқылы болсын көмек қолын созуға тырысамын. Ал өңірлерден хабарласып, қиын жағдайларға қатысты кеңеске жүгінген әріптестеріммен білгеніммен бөлісемін, - дейді ол.
Ол сондай-ақ өзіне дауыс беріп, қолдау көрсеткен барша отандасына алғыс білдіріп, мықты денсаулық тіледі.
Осы жобаның арқасында біздің отанымызда ғана емес, басқа елдерде де 10000-нан астам бала құтқарылғанын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар Латиф волонтерлік іспен де айналысады. Ол «ВFК» қоғамдық қоры, «Дари добро» бастамашыл тобы, онкологиялық диагнозы бар балаларға көмек көрсететін топтың, «28 петель» ҚҚ волонтері.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының мақсаты – Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихы мысалында бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және білімге құштарлық идеяларын ілгерілету.
Жоба 2017 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен бастау алған. Содан бері жобаға 5 мыңнан астам әр саланың мықтылары қатысты.
Байқаудың биылғы IV маусымы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеу аясында өтіп жатыр.