100 жаңа есім – 2021. Өтінім қабылдау жалғасып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының төртінші кезеңі басталды. Өтінімдерді қабылдау 2021 жылдың 22 ақпанынан 15 наурызына дейін 100janaesim.ruh.kz сайтында жүзеге асырылады.

Айта кетейік, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жоба 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Осылайша жоба жыл сайын жалғасын тауып келеді.

Жобаға елде және елден тыс жерлерде тұратын қазақстандықтар қатыса алады. Қатысушылардың өтінімдері келесі 7 номинация бойынша іріктеледі: медицина, білім беру, ғылым және инновация, экология, мәдениет және спорт, бизнес, қоғам.


Спорт номинациясына суретші Оспан Әли қазақстандық жас спортшы, хоккей жаттықтырушысы Бұлбұл Қартанбайды ұсынды.

Бұлбұл 14 жасынан бастап хоккеймен кәсіби айналысады.

3 жыл қатарынан Канада мен Америкада өнер көрсеттім. Өткен жылы АҚШ-та жаттықтырушының көмекшісі ретінде жұмыс істедім. Биыл қыздар командаларын хоккейден жаттықтыру үшін бас жаттықтырушы ретінде шақырды, - деді ол.

Қазіргі таңда спортшы тиісті сертификаттаудан өткен.

Елімізде «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасы бар екенін білетінмін. Бірақ осы жобаға қатысуға мені ұсынатыны туралы ешқашан ойлап көрмеппін. Сондықтан халыққа алғыс айтқым келеді, - деп түсіндірді спортшы.

Ол 12-14 жас аралығындағы жасөспірімдерді жаттықтырады.

Бұлбұл Қартанбайды аталған жобаға қатысуына бастама жасаған фотограф Оспан Әли пікір білдірді. Ол жобаның 2018 жылғы жеңімпазы.

«100 жаңа есім жобасы» жылдан-жылға жаңа есімдерді халыққа таныстыруда. Өзім де осы жобаның қатысушысы болғандықтан конкурсқа өзгеше адамдардың көбейгенін жүрегім қалайды. Жұмыс барысында Бұлбұлмен таныстым. Қазақ жерінен шыққан қыздардың шетелде өз саласының кәсіби маманы ретінде қызмет етіп жүргені қуантады. Бұлбұлдың тек спорт аясында ғана емес, сонымен қатар қазақи құндылықтарды да насихаттап жүргенін естіп, ұйымдастырушыларға ұсындым, - деп айтты ол.


Оспан Әлидің сөзінше, Бұлбұл сияқты қазақ қызын спорт саласында ғана емес, бүкіл халық арасында таныту қажет.

Еске салсақ, жобаға қатысу үшін үміткерлер 100janaesim.ruh.kz сайтындағы сауалнаманы толтыруы қажет. Жоба шарттарына сәйкес қатысушы сенімді ақпарат беруге міндеттенеді.

Барлық өтінім модерациядан өтеді, кейін сайтта жарияланады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін бүкілхалықтық онлайн дауыс беру басталады. Сондай-ақ өтінімдердің белгілі бір бөлігі танымал қоғам және мәдениет қайраткерлері, спорт, бизнес өкілдерінен тұратын қазылар алқасының қарауына ұсынылады. Оған қоса осы жылдан бастап өткен маусымдардың жеңімпаздары қазылар алқасының құрамына енеді.

Дауыс беру кезінде ең көп ұпай жинаған және қазылар алқасының таңдауына ілінген қатысушылар ағымдағы жылдың сәуір айында жоба жеңімпаздары атанады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы