100 мыңнан астам тіркелмеген абоненттік нөмір тәркіленді – ІІМ

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл – Ішкі істер министрлігінің басым бағыттарының бірі. қылмыстық істер құрылымындағы интернет-алаяқтықтың үлесі бүгінде 26%-ға жеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Министр Ержан Саденовтің айтуынша, жыл басынан бері жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 81 SIM-бокс және 100 мыңнан астам тіркелмеген абоненттік нөмір тәркіленген. Сонымен қатар, 6 ұйымдасқан қылмыстық топ, соның ішінде бір трансұлттық топ әшкереленді.

Жалған нөмірлер арқылы келіп түсетін халықаралық қоңырауларға техникалық тосқауыл қойылды.

«Антифрод-орталығы» аясында екінші деңгейлі банктермен бірлескен жұмыс нәтижесінде 67 миллионнан астам алаяқтық қоңырау мен 4 531 жалған сайт бұғатталды. Сондай-ақ, жалпы сомасы 2,7 миллиард теңге болатын есепшоттар тоқтатылған.

Шетелдік серіктестермен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде 7 шетелдік Call-орталық жойылып, елімізде жұмыс істеген 5 осындай орталықтың қызметі тоқтатылды.

ІІМ бастамасымен қазіргі таңда Интерпол және 40 елдің құқық қорғау органдарының қатысуымен халықаралық арнайы операция жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы