100 млрд теңге. Үкімет ауыл халқының табысын арттыратын жобаны бастады

Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының төрағалығымен өтіп жатқан елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауылды дамытудың жаңа концепциясы қабылданды. Базалық қызмет көрсетудегі диспропорцияларды қысқарту мақсатында жыл сайын ауылдағы әлеуметтік-инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңартуға баса көңіл бөлінеді, - деді Смайылов.

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, микрокредит беру және ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы ауыл халқының табысын арттыру бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталды.

Биыл осы мақсатта 100 млрд теңге бөлінді. Жеті жыл ішінде жобада 1 миллионға жуық ауыл тұрғыны қамтылады. Оған жалпы, 1 трлн теңге көзделеді, - деді Премьер-министр.

Айта кетейік, Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтіп жатыр. Кеңес барысында Президент еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек екенін атап өтті. Сонымен қатар Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан экономикасының өсуі осы жылдың I тоқсанында 4,9 пайызға жеткенін мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: 365info.kz
Өзгелердің жаңалығы