100 млн теңге: Оқушылар мен ұстаздарға қаржылай сыйақы беріледі

Елімізде олимпиада жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлеріне біржолғы қаржылай сыйақы беріліп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев айтты.

Мемлекет басшысының қолдауымен 2022 жылдан бастап халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы тағайындалып келеді, - деді ол.

Сыйақы көлемі қандай?

- алтын медаль иегерлеріне – 1500 АЕК-ке дейін (5 898 000 тг);

- күміс медаль иегерлеріне – 1000 АЕК-ке дейін (3 932 000 тг);

- қола медаль иегерлеріне –500 АЕК-ке дейін (1 966 000 тг).

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы олимпиада жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлеріне жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам біржолғы сыйақы берілді.

Еске сала кетейік, тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарымен Ақордада кездескен болатын.

Бұған дейін былтырғы оқу жылында оқушылар 35 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 1006 медаль жеңіп алғанын жаздық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы