17 Тамыз 2026, 09:11 Фото: видеодан алынған кадр

100 млн қаралым: Танымал блогер Джо Хаттабтың Қазақстан туралы видеосы жаңа рекорд жаңарта ма?

Джо Хаттабтың Қазақстанға арналған жаңа видеосы көрермен назарын аударды. Ал қазақстандықтар блогердің бұрынғы рекордын жаңартуға шақырылды.

Қазақстанның табиғаты әлемнің миллиондаған көрерменіне ұсынылды. Танымал тревел-документалист Джо Хаттаб YouTube арнасында Қазақстанға арналған жаңа видеосын жариялап, елдің табиғаты мен заманауи келбетін ерекше форматта көрсетті.

Бейнематериалды түсіруге қазақстандық тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым (ByDastann) мен америкалық блогер MegaAmerican де қатысқан. Дастан шетелдік қонақтарға Қазақстан бойынша жол көрсетіп, түсірілім барысында елдің табиғи және мәдени ерекшеліктерін таныстырған. Бұл сапар туралы бұған дейін де хабарланған болатын.

Видеоның басты ерекшелігі – Қазақстанның әртүрлі ландшафттарының бір туындыда тоғысуы. Кадрларда Іле Алатауының табиғаты, гүлге оранған жайлаулар, Маңғыстаудың ғажайып әрі ғарыштық пейзаждары және елордадағы футуристік сәулет көрініс тапқан.

Қазақстандық көрермендерді әсіресе бейненің визуалды сапасы таңғалдырды. Джо Хаттабтың жұмыстары кинематографиялық стилімен ерекшеленетіні белгілі. Оның YouTube арнасында 20 миллионнан астам жазылушы бар, сондықтан Қазақстан туралы мұндай контенттің халықаралық аудиторияға шығуы елдің туристік әлеуетін танытуға мүмкіндік береді. 

Бұған дейін Хаттаб Қазақстанға келген кезде Іле Алатауындағы жайлауда ұлттық киім киіп, атқа мініп, бүркітшілермен кездескен. Ол қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм татып, көшпелі мәдениетпен жақынырақ танысқан. Сапар барысында Көлсай сияқты туристік орындарға да барған. 

Қазақстандықтар жаңа челлендж бастады

Дастан Мұхамедрахым өз оқырмандарына жаңа видеоны белсенді қолдап, пікір қалдыруға шақырды. Оның айтуынша, бұл өзіндік челленджге айналып, қазақстандықтар Джо Хаттабтың ең танымал видеоларының бірімен пікір саны бойынша бәсекеге түсе алады.

Блогер мысал ретінде Хаттабтың Сальвадордағы аса қатаң режимдегі түрме туралы деректі фильмін келтірді. Аталған видео 100 миллионнан астам қаралым жинап, ондаған мың пікір қалдырылған Хаттабтың ең резонансты жұмыстарының біріне айналған. Ашық аналитикалық деректер де бұл видеоны оның арнасындағы 100 миллионнан асқан ең танымал жұмыстардың бірі ретінде көрсетеді.

Енді қазақстандық көрермендер Қазақстан туралы жаңа фильмнің осы көрсеткішке қаншалықты жақындайтынын бақылап отыр. Дастанның айтуынша, елдегі аудиторияның белсенділігі жоғары болса, Қазақстан туралы видео Хаттабтың ең көп талқыланған туындыларының біріне айналуы мүмкін.

Айта кетейік, Джо Хаттабпен бірге Қазақстанға америкалық тревел-креатор Джошуа Платильеро, яғни MegaAmerican де келген. Ал Дастан Мұхамедрахым 2026 жылғы WIBA Awards халықаралық сыйлығында «Әлемнің үздік тревел-блогері» атанған.

Осылайша, Қазақстанның тауы, даласы, шөлейттері мен заманауи қалалары енді отандық аудиторияға ғана емес, әлемнің ондаған миллион көрерменіне ұсынылып отыр.