100-ге жуық жас тарихи орындарға саяхаттады

Шымкент қаласындағы ерекше күтімді қажет ететін жастар Цитадель көне қалашығына экскурсия жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Игі іс-шараға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйытқы болды. Басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі жастарға кедергісіз орта қалыптастыру, өмір сүру сапасын арттыру.

Экскурсияда кешеннің бұқаралық жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаушысы Арайлым Ералы жастарға көне қалашықтың тарихын баяндап, ерекше жәдігерлерімен таныстырды.

Кезінде осы жерді мекен еткен тұрғындар құмыра жасау өнерімен, егіншілік және мал шаруашылығымен айналысқан. Егіншіліктің арқасында тары өңдеу, бидай сынды әртүрлі дәнді-дақылдарды өсіріп, астық жинаған. Ысарыпшылдық болмасын деген мақсатпен мал сүйектерін саз-балшықпен араластырып, адамдар жүретін сүйек жолдар істеген, – деді Арайлым Бақтиярқызы.

Ерекше жандар ары қарай «Жеті тандыр» дәмханасынан дәм татып, Бәйдібек би ескерткішіне ат басын бұрды. Онда «Тарихи-өлкетану» мұражайымен танысты.

Қаламыздың көрікті жерлеріне саяхаттауға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Әр дүниені көзбен көріп, тамашалап жүрген балаларымыз дән риза. Мұнда «Жігер», «Көркем», «Ерекше жол», «Рахмет саған, анашым!» деп аталатын төрт топтан құрылған жастар саяхаттауда. Олардың өмірге деген құлшынысы арта түсті, – деді «Рахмет саған, анашым» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Кенжетаева.

Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтан 100-ге жуық ерекше жандар экскурсияға шықты. Алдағы уақытта іс-шаралар кешенінде арнайы мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлікті оқыту курстары, экускурсиялар, үстел теннисі мен шахматтан турнирлер, қолөнер көрмесі мен шығармашылық кештер ұйымдастырылады. Бұл ерекше жандардың өздерін жан-жақты толықтай көрсетуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы