10 жылға беріледі. Студенттер білім беру кредитін қалай ала алады
Мемлекеттік білім беру кредиті 10 жыл мерзімге теңгемен беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттерге арналған мемлекеттік білім беру несиесінің жаңа тәртібін әзірлеп, қоғам талқысына ұсынды. Оған сәйкес, несие ұлттық валютамен және 10 жылға беріледі.
Мемлекеттік білім беру кредитін беру тәртібі
Мемлекеттік білім беру кредиті, егер осы қағидаларда өзгеше көзделмесе, төменде көрсетілген барлық өлшемшарттарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматтарына беріледі:
1) Қазақстан Республикасының аумағында ЖЖОКБҰ-да жоғары білімнің білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылар;
2) тұрақты табыс көзі бар, Қазақстан Республикасының кемінде бір еңбекке қабілетті азаматына кепілгерлік берушілер. Бұл өлшемшарт жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жататын қарыз алушыларға қолданылмайды;
3) білім беру жинақтау салымы туралы тіркелген шарты немесе ЖЖОКБҰ-да оқудың бүкіл кезеңі үшін білім беру қызметтерінің жалпы құнының кемінде 10 пайызы мөлшерінде жиынтық жинақтары бар білім беру жинақтау сақтандыру шарты бар.
Мемлекеттік білім беру кредитін беру үшін қарыз алушы сенім білдірілген өкілге (агентке) электрондық форматта мынадай құжаттарды ұсына отырып, сенім білдірілген өкіл (агент) бекіткен нысан бойынша өтініш береді:
1) қарыз алушының жеке басын куәландыратын құжат;
2) Қарыз алушы және ЖЖОКБҰ арасында жасалған білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт;
3) қарыз алушының оның дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісімі;
4) қарыз алушының сенім білдірілген өкілдің (агенттің) ол туралы мәліметтерді кредиттік бюроларға ұсынуына келісімі;
5) қарыз алушының сенім білдірілген өкілге (агентке) кредиттік есеп беруге келісімі;
6) мемлекеттік білім беруді кредиттеу шеңберінде (кәмелетке толмаған қарыз алушылар үшін) қарыз алушының кредиттік шартқа және (немесе) онымен байланысты шарттарға қол қоюына заңды өкілдердің нотариат куәландырған келісімі;
7) кепілгердің жеке басын куәландыратын құжат (кепілгер болған жағдайда);
8) кепілгердің (кепілгерлердің) дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісімі (кепілгер (лер) болған кезде);
9) сенім білдірілген өкілдің (агенттің) ол туралы мәліметтерді кредиттік бюроларға беруіне кепілгердің (кепілгерлердің) келісімі;
10) сенім білдірілген агентке кредиттік есепті беруге кепілгердің (кепілгерлердің) келісімі (кепілгер (лер) болған кезде);
11) жұмыс берушінің атауы мен деректемелерін және кепілгердің (кепілгерлердің) лауазымын көрсете отырып, кепілгердің (кепілгерлердің) жұмыс орнынан анықтама (кепілгер (лер) болған кезде).
Құжаттарды электрондық форматта ұсыну мүмкіндігі болмаған кезде, қарыз алушы көрсетілген құжаттарды сенім білдірілген агентке қағаз түріндегі форматта жібереді.
Мемлекеттік білім беру кредитін беруді сенім білдірілген өкіл (агент) Уәкілетті органның мемлекеттік білім беруді кредиттеудің бюджеттік бағдарламасында көзделген қаражат көлемі шегінде жүзеге асырады.
Сенім білдірілген өкіл (агент) мемлекеттік білім беру кредитін беру үшін қарыз алушылардың өтініштерін қабылдаудың басталу мерзімін өз бетінше айқындайды және өтініштерді қабылдаудың басталғаны туралы ақпаратты өзінің ресми интернет-ресурсында орналастырады.
Уәкілетті органның мемлекеттік білім беруді кредиттеудің бюджеттік бағдарламасы бойынша үнемдеу пайда болған кезде сенім білдірілген өкіл (агент) өтініштерді қабылдау туралы ақпаратты өзінің ресми интернет-ресурсында қайта орналастырады.
Сенім білдірілген өкіл (агент) өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін он бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік білім беру кредитін беру үшін қарыз алушылардың өтініштерін қоса берілген құжаттармен бірге қарайды.
Қарыз алушылардың өтініштерін қоса берілген құжаттармен қарау кезінде сенім білдірілген өкіл (агент) ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеруді жүзеге асырады.
Қарыз алушының осы Қағидаларға сәйкес келмейтін өтінішті және (немесе) оған қоса берілген құжаттарды ұсыну фактісі анықталған жағдайда сенім білдірілген өкіл (агент) үш жұмыс күні ішінде қарыз алушыға анықталған сәйкессіздіктерді жою қажеттігі туралы хабарлайды.
Сенім білдірілген өкіл (агент) қарыз алушының қайта өтініші және (немесе) өтінішке құжаттар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды қарауды жүзеге асырады.
Қарыз алушының осы қағидаларға сәйкес келмейтін өтінішті және (немесе) оған қоса берілген құжаттарды ұсыну фактісі қайтадан анықталған жағдайда сенім білдірілген өкіл (агент) қарыз алушыға мемлекеттік білім беру кредитін беруден негізді және дәлелді бас тартуын жолдайды
Мемлекеттік білім беру кредитін беру туралы шешім сенім білдірілген өкілдің (агенттің) хаттамасымен ресімделеді және өтініште көрсетілген телефон нөміріне және (немесе) электрондық поштаға хабарлама жіберу арқылы қарыз алушының назарына жеткізіледі.
Мемлекеттік білім беру кредитін орналастыру тәртібі
Қарыз алушының сенім білдірілген агенті мемлекеттік білім беру кредитін беру туралы хабардар еткеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде қарыз алушы мен сенім білдірілген агент арасында мынадай мәліметтерді қамтитын кредиттік шарт және онымен байланысты шарттар жасалады:
- шарттың мәні;
- білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта көзделген баға бойынша теңгемен бүкіл оқу мерзімінде мемлекеттік білім беру кредитінің жоспарланатын мөлшері;
- шарттың қолданылу мерзімі;
- мемлекеттік білім беру кредитін тағайындау;
- мемлекеттік білім беру кредитін беру шарттары және оны өтеу мерзімдері;
- Тараптардың құқықтары, міндеттері және деректемелері;
- кепілгер (лер) туралы мәліметтер;
- тараптардың жауапкершілігі;
- шартты бұзу талаптары;
- Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де ережелер.
Сенім білдірілген өкіл (агент) білім беру бағдарламалары тобы бойынша нысаналы мақсатына сай мемлекеттік білім беру кредитінің қаражатын ЖЖОКБҰ-ның банктік шоттарына тікелей қолма-қол ақшасыз аударуды жүзеге асырады.
Сенім білдірілген өкіл (агент) мемлекеттік білім беру кредитін орналастыруды Уәкілетті органның мемлекеттік білім беруді кредиттеудің бюджеттік бағдарламасында көзделген қаражат көлемі шегінде жүзеге асырады.
Қарыз алушыларға мемлекеттік білім беру кредиті есебінен қолма-қол ақша беруге тыйым салынады.
Ескеретін жайт:
Қарыз алушының мемлекеттік білім беру кредитін өтеуі сенім білдірілген өкілдің (агенттің) шотынан мемлекеттік білім беру кредитінің қаражаты аударылған айдан кейінгі айдан басталады. Қарыз алушы ауруына не толық ақы төлеу үшін мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқуға ауысуына байланысты оқуын мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда, қарыз алушы сенім білдірілген өкілді (агентті) осы факт туралы хабардар етеді, содан кейін кредиттік шартқа және онымен байланысты шарттарға қосымша келісім жасасады және мемлекеттік білім беру кредитін өтеу кестесі қайта қаралады. Қарыз алушы өзге себептер бойынша оқуды тоқтатқан кезде қарыз алушы оқуды тоқтатқан күннен бастап, он екі ай ішінде оны оқытуға жұмсалған соманы қайтарады, - делінген құжатта.
Қарыз алушы қайтыс болған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда мемлекеттік білім беру кредиттері жөніндегі талаптар тоқтатылады. Кепілгер болған кезде ол сенім білдірілген өкілге (агентке) қарыз алушының қайтыс болуы туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесін және мемлекеттік білім беру кредиті бойынша талапты тоқтату туралы жазбаша еркін нысанда жасалған өтінішті ұсынады.
Қарыз алушылар мерзімді әскери қызметке шақырылған жағдайда, мемлекеттік білім беру кредитін өтеу қызмет өткеру кезеңіне, бірақ екі жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады, бұл ретте өтеу кестесі мемлекеттік білім беру кредитін өтеу мерзімін тоқтата тұру мерзіміне ұлғайта отырып, түзетуге жатады.
Қарыз алушы өтеу кестесін түзету үшін сенім білдірілген өкілге (агентке) оның мерзімді әскери қызметке шақырылуын растайтын тиісті құжаттарды қоса бере отырып, өтініш береді.
ЖЖОКБҰ қарыз алушыға академиялық демалыс берген кезде мемлекеттік білім беру кредитінің мерзімі кредиттік шартқа тиісті қосымша келісімді және қарыз алушы мен сенім білдірілген өкіл (агент) арасындағы онымен байланысты шарттарды ресімдей отырып, академиялық демалыс кезеңіне ұзартылады. Мұндай қарыз алушының мемлекеттік білім беру кредитінің қаражатын бөлу академиялық демалыс кезеңінде тоқтатылады және қарыз алушының оқуын қайта бастайтыны жөнінде ЖЖОКБҰ бұйрығы шыққаннан кейін қайтадан басталады.
Қорытынды ережелер
Қарыз алушы басқа ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылған, оған академиялық демалыс берілген, оқудан шығарылған және басқа да орын ауыстырған не қарыз алушы ЖЖОКБҰ-мен байланысын жоғалтқан кезде ЖЖОКБҰ бұл туралы сенім білдірілген өкілге (агентке) ЖЖОКБҰ-ның тиісті актісі жарияланған күннен бастап, үш жұмыс күні ішінде хабарлайды.
Сенім білдірілген өкіл (агент) мемлекеттік білім беру кредитінің уақтылы және мақсатты пайдаланылуын, сондай-ақ қаражаттың уақтылы қайтарылуын бақылауды жүзеге асырады.
Сенім білдірілген өкіл (агент) тоқсан сайын уәкілетті органға қарыз алушылар, білім беру бағдарламалары топтары бөлінісінде мемлекеттік білім беру кредитінің орналастырылған қаражатының сомалары және оны өтеу туралы мәліметтер береді. Бұл ретте мәліметтер кредиттік шарттардың және олармен байланысты шарттардың нөмірлері мен күндерін қамтуға тиіс.