«10 жылда болмаған». Вице-министр ауыл шаруашылығындағы рекорд туралы айтты

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек ауыл шаруашылығы саласында болған рекордтық көрсеткіштер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сөз басында ол еліміздің агроөнеркәсіптік кешені 2022 жылдың қорытындысы бойынша оң нәтижелер көрсеткенін атап өтті.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 9,1 пайызға артып, 9,3 трлн теңгеге жетті. Бұл өсім негізінен өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру көлемін 15 пайызға (5,6 трлн теңге) ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Өткен жылғы ауа райының қолайлы болуына байланысты егін жинау науқаны тоқтаусыз өткізіліп, жақсы өнім жиналды. Соңғы 10 жыл ішіндегі ең жоғары түсімдердің бірі алынды. 22,8 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бастырылды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 39 пайызға артық. Бидайдың жалпы жиналуы 44 пайызға артып, 17 млн тоннаға жетті, - деді Әбілхайыр Тамабек.

Сонымен қатар вице-министрдің атап өтуінше, жиналған астықтың 80 пайыздан астамы жоғары сапалы.

Орташа түсімділік гектарына 8,3 центнер болатын 2,8 млн тонна майлы тұқым бастырылды, оның ішінде орташа өнімділік гектарына 10,9 центнер болатын 1,1 млн тонна күнбағыс бастырылды, - деді вице-министр.

Тамабек 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан темір жолының деректеріне сәйкес астық баламасында 13,2 млн тоннадан астам астық пен ұн, оның ішінде 10 млн тонна астық экспортталғанын атап өтті.

Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Сондай-ақ, 4 млн тонна картоп және 4,9 млн тонна көкөніс дақылдары жиналды. Жалпы алғанда, әлеуметтік маңызды дақылдарды жалпы жинау қант қызылшасын қоспағанда, республиканың ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өткен жылы тұрақты карантиндік фитосанитариялық жағдай сақталды, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы