Бүгiн 2026, 14:37 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Заңсыз жұмыс: Кореядағы 10 мың қазақстандықтың тағдыры не болмақ?

Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істеу мәселесі бойынша келіссөздер жүріп жатыр.

Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істеу мәселесі бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, бұл келіссөздердің ұзақ жүруіне Оңтүстік Корея басшылығының ауысуына қатысты болған процесс әсер еткен. 

Келіссөздердің (EPS жүйесіне енгізу) үш кезеңі бар. Біз бірінші кезеңінен өткен едік. Алайда Оңтүстік Корея президентінің ауысуына байланысты осы мәселе жарты жылға тұралап қалды. Жаңа президент қызметіне кіріскеннен кейін, бұл елдегі еңбек министрлігі осы жұмыстарды жандандырды. Қазір екінші кезең аясында келіссөзді жалғастырып жатырмыз. Бұл ретте Алматы қаласында EPS орталығын ашу жоспарланған. Олар осы ғимараттарды қарап, белгіледі. Енді сол ғимаратта EPS орталығын ашуға әкімшілікпен тиісті жұмысты жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ақпараттың бәрін Кореяға жолдадық. Барлығы келісімнен өтсе, онда олар келіссөзді Премьер-министр деңгейіндегі үшінші кезеңге шығарады, - деді  Ертаев БАҚ өкілдеріне. 

Одан әрі министр Оңтүстік Корея Қазақстанды EPS жүйесіне енгізу туралы түпкілікті шешім қабылдауға кірісетінін айтты. Бұл іс-шаралар жыл соңына дейін аяқталуы мүмкін. 

Олармен тұрақты байланыстамыз. Қазақстан Елшілігі ерекше мән беріп отыр. Бұл елде 10 мың Қазақстан азаматы заңсыз жүр, - дейді ведомство басшысы.

Бұған дейін Оңтүстік Кореяда жоғалып кеткен қазақстандықтың сүйегі табылған еді.