10–15 жылда бензинмен жүретін көлік қалмауы мүмкін бе?
Әлемде электромобильге көшу үдерісі жылдамдап келеді. Бір елдер іштен жанатын қозғалтқыштан толық бас тарту күнін жариялап үлгерсе, енді бір мемлекеттер бұл өзгеріске әлі де сақтықпен қарап отыр. Қазақстан үшін де бұл тақырып өзекті: электромобиль бізде жаңа экологиялық шешім бе, әлде әзірге имидждік тренд қана ма? Саралап көрдік.
Экология: таза көлік пе, әлде шартты артықшылық па?
Электромобильдің басты уәжі – экология. Шынында да, мұндай көліктер жол үстінде зиянды газ бөлмейді. Қалалардағы ауа сапасын жақсартуға бұл – сөзсіз плюс. Алайда сарапшылар экологиялық тиімділікті тек қозғалыс кезінде ғана емес, өндіріс пен энергия көздері тұрғысынан да қарастыру қажет екенін айтады.
Аккумулятор жасау үшін қажет литий, кобальт, никель секілді металдарды өндіру экологияға айтарлықтай салмақ түсіреді. Кей өңірлерде бұл су тапшылығына, жердің тозуына және әлеуметтік мәселелерге алып келіп отыр. Сондықтан электромобильдің «тазалығы» көбіне оның қай энергиямен қуатталатынына байланысты.
Литий мен кобальт: мұнайдан кейінгі жаңа тәуелділік
Сарапшылар электромобиль дәуірі энергетикалық тәуелділіктің жаңа түрін қалыптастыруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Егер ХХ ғасыр мұнаймен байланысты болса, ХХІ ғасыр аккумулятор шикізатымен тікелей байланыста болуы ықтимал.
Бүгінде литий қоры негізінен Латын Америкасында, ал кобальттың басым бөлігі Африкада шоғырланған. Бірақ бұл ресурстарды өңдеу мен аккумулятор өндірісінің негізгі тізбегі Қытайдың қолында. Бұл фактор көптеген ел үшін стратегиялық тәуекелге айналып отыр.
Қытай факторы және нарықтағы үстемдік
Қазіргі таңда әлемдегі электромобильдердің басым бөлігі Қытайда өндіріледі. Бұл ел тек көлік шығарумен шектелмей, аккумулятор өндірісі мен зарядтау инфрақұрылымын да бақылауда ұстап отыр. Нәтижесінде әлемдік нарықта қытайлық электромобильдер бағасы жағынан да, қолжетімділігі жағынан да басымдыққа ие.
Қазақстан нарығында да дәл осы үрдіс байқалады. Елге кіріп жатқан электромобильдердің көпшілігі – Қытай өндірісінен келуде.
Авто сарапшы: Қазақстанда электромобильдер саны күрт өсті
Авто сарапшы Эдуард Эдоковтың айтуынша, Қазақстандағы электромобиль нарығы соңғы жылдары айтарлықтай жандана түскен. Оның дерегінше, 2022 жылдан 2025 жылға дейін елдегі электромобильдер саны 30 еседен астам өскен.
Сарапшы бұл өсімді технологиялық қызығушылықпен қатар, нарықтағы жаңа мүмкіндіктермен байланыстырады. Дегенмен ол электромобильдердің жаппай көлікке айналғанын айтуға әлі ерте екенін атап өтеді.
Қазақстандық тұтынушы көлікті таңдағанда ең алдымен практикалық және ликвидті модельдерге мән береді. Ал электромобильдер әзірге мұндай талаптардың барлығына бірдей жауап бере алмай отыр, - дейді сарапшы.
Электромобиль: тренд пе, имидж пе?
Сарапшылар Қазақстан жағдайында бірнеше шектеуші фактор бар екенін айтады.
- Біріншіден, зарядтау инфрақұрылымы әлі толық қалыптаспаған. Ірі қалаларда станциялар көбейіп келе жатқанымен, өңірлерде олардың саны жеткіліксіз.
- Екіншіден, климат мәселесі. Қатты аяз аккумулятордың тиімділігін төмендетеді, жүріс қашықтығы қысқарады. Бұл Қазақстан сияқты климаты қатал ел үшін маңызды фактор.
- Үшіншіден, баға. Электромобильдер арзандап келе жатса да, көпшілік үшін әлі де қолжетімді емес. Сондықтан қазір электромобильді негізінен жаңа технологияға қызығатын немесе экологияны саналы түрде таңдаған тұтынушылар сатып алып отыр.
10–15 жылда бензинмен жүретін көлік қалмай ма?
Сарапшылар бұл сұраққа біржақты жауап бермейді. Олардың пікірінше, алдағы онжылдықта іштен жанатын қозғалтқыш толық жойылмайды. Керісінше, гибридті көліктер кезеңі күшейеді. Бұл – электр мен бензин арасындағы өтпелі, анағұрлым икемді шешім.
Эдуард Эдоков та Қазақстан үшін дәл осы сценарий шынайырақ екенін айтады.
Газбен және гибридті жүйемен жүретін көліктер алдағы жылдары негізгі балама болып қала береді, ал электромобильдер біртіндеп өз орнын кеңейтеді, - дейді авто сарапшы.
Электромобиль дәуірі басталып жатыр, бірақ бұл процесс біркелкі емес. Экология, шикізатқа тәуелділік, геосаясат және инфрақұрылым – бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақстан үшін электромобиль әзірге жаппай көлік емес, бірақ болашақтың маңызды бағыты екені анық.
Басты сұрақ – біз бұл өзгеріске жүйелі түрде дайындалып жатырмыз ба, әлде әлемдік трендтің соңынан ілесіп қана келеміз бе?