10, 11-сыныптарда ағылшын тілі күнде болады – Аймағамбетов
Бұл туралы министр Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта 3-сыныпта ағылшын екі-ақ сабақ болатын болса, 2024 жылдан бастап үш сабаққа дейін көбейтеміз. Бұл халықаралық талаптарға сай болады. Ал 10, 11-сыныптарда қазір үш сабақ болатын болса, енді ағылшын тілі бес рет болады. Яғни бескүндік форматта оқитын оқушылар болса, ағылшын тілі күнде болады. Бұл да балалардың ағылшын тілін меңгеруіне септігін тигізеді, – деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Ол сондай-ақ ағылшын тіліне көңіл аудару мәселесі бойынша білім беру бағдарламасына және мұғалімдердің біліктілігіне байланысты жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Министр жаратылыстану бағыты бойынша пәндерге көңіл аударып, олардың тиімділігін арттыру туралы да айтты.
Мемлекет басшысы бізге осы тапсырманы берді. Соның ішінде екі маңызды бағыт бар. Сапаға келетін болсақ, ол – мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Ал мазмұнға келетін болсақ, ол – оқу бағдарламаларын жаңарту. Үшінші мәселе сағатқа қатысты. Біз 10, 11-сыныптарда сағатын көбейту бойынша жұмыстарды жүргіземіз, – деді министр.
Еске салсақ, бұл мәселелерді министр Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы есебі барысында хабарлады.