Полицейлер жоғалып кеткен оқушыны тапты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында полиция қызметкерлері оқушы қызды тауып, ата-анасымен қауыштырды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Төле би аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын келіп, 1-сыныпта оқитын қызының жоғалып кеткендігін айтып, көмек беруін сұраған.
Әйелдің сөзінше, ол мектептен қызын алып келуге келгенде, қызының ол жерде жоқ екенін білген. Аталмыш дерек Төле би аудандық полиция бөлімінің бірыңғай тіркеу тізілімінде тіркеліп, полицейлер дереу іздестіру жұмыстарына көшкен.
Полиция қызметкерлері тиісті шаралардың бәрін жасап, қызды көруі мүмкін деген куәгерлер мен тұрғындардан оқушы сұрастырған. Жақын маңдағы көшелер мен саябақтарда іздестіру жұмыстарын жүргізген. Іздестіру жұмыстары нәтижесінде олар 1-2 сағат ішінде мектептен 3 шақырым жердегі көшелердің бірінен оқушыны тапқан. Бірінші сынып оқушысы үйіне өз бетімен жетем деп, адасып кеткен.
«Балаң жоғалып кеткен кезде өзіңді қоярға жер таппайсың. Күн сайын әртүрлі оқыс оқиғалар туралы естиміз. Қайта Құдай сақтады. Қызыммен аман-есен қауыштырған полиция қызметкерлеріне алғыс айтам», - деді жоғалып кеткен оқушы қыздың анасы.